Алла кешірер деп армандау – адамның амалын зая етеді

Алла кешірер деп армандау – адамның амалын зая етеді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде адамдарға Алла Тағала былай деп бұйырады: «Ей, адамдар! Раббыңызға қарсы шығудан сақтаныңдар. Әкенің баласы үшін, баланың әкесі үшін ештеңе бөліп берері жоқ күннен корқыңдар. Алланың берген сөзі күмәнсіз шындық. Сақ болыңдар, дүниелік өмір сендерді алдап соқпасын. Шайтан сендерді Алланың кешірімі бар дегенге сендіріп, алдамасын» (Лұқман сүресі, 33-аят). Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жолы: «Уа, Аллам, қорқыныш сезінбейтін жүректен, қабыл болмайтын дұғадан, тойымсыз нәпсіден және пайдасыз білімнен сақта деп бір өзіңе сиынамын! Осы төрт нәрседен сақта деп бір өзіңе сиынамын!» - деп дұға етіп еді (Тирмизи, Дағуат 69).

Адам баласы екі қасиетке ие – материалдық және рухани. Адамның материалдық қасиетін оның денесі, ал рухани қасиетін оның рухы құрайды. Адамның рухы – хайуандық және сұлтандық болып екі қарама-қайшы ерекшелікке бөлінеді. Хайуандық рухты кейде нәпсі деп те атайды. Ол адамның тіршілігін жалғастыруға себеп болған, биологиялық құрылымын басқаратын бірден бір күш ретінде көрінеді. Сондықтан нәпсі – материалдық өмірдің қайнар көзі, дүнияуи қалаулардың орталығы іспеттес.

Ал сұлтандық рух дегеніміз – өзіміздің көңіл сарайымыз болып табылады. Алла Тағала оған өз рухынан үрлеген. Сұлтандық рухтың арқасында адам баласы Раббысына құлшылық етеді. Сол себепті рухтың бұл түрі адамгершілікті, көркем ахлақты, жақсылық пен сұлулықты бейнелесе, нәпсі өзін – көргенсіздіктің, әдепсіздіктің, жамандық пен жиіркеніштіліктің жаршысы ретінде көрсетеді. Мұның екеуі де рухани күшке айналып, адамды артықшылыққа не кемшілікке ие етумен басқарып отырады. Адамзат Жаратушының өзіне берген ерік-қалауымен осы екі дауыстың бұйрықтарына болымды немесе болымсыз жауап беруіне тура келеді. Нәпсінің шектен тыс қалауларына еріп кеткен жағдайда Алланың тыйымдарын іске асырумен жалындаған тозақ отына, ал көңіл үнін тыңдаған жағдайда жаратушының әмірін орындаған болып, пейіш бағына қадам басады. Сондықтан, мәңгілік бақытқа жетудің басты шарты – нәпсіні тәрбиелеп, көңілді қуаттандыру арқылы ізгі амалдарды жасайтындай күйге келу болса керек.

Алла Тағала Адамды (Оған Алланың сәлемі болсын) жаратқанында періштелерге оған сәжде етулерін бұйырып, сол кезде қарғыс атқыр шайтан менмендікке салынып, одан бас тартқан-ды. Ол Алладан мұрсат сұрап, адамзатты құрдымға кетіру үшін бар амалын жасайтынын айтып еді. Бұл мұрсат оған тәңірдің адамды сынаудағы басты мақсат-мұраты айқындалсын деп берілген-ді. Міне, Алла Тағала адамның рухында шайтан сыбырлап тұратын бір жерді қалдырып еді. Ол – нәпсі болатын. Шайтан – нәпсінің жан жолдасы. Сондықтан, ол нәпсі жақтан жақындай келіп, адамды азғыруға талпынады. Бірақ Алла Тағала мұнымен қоса рухқа басқа да қасиет берген. Ол – адам көңілі. Көңіл иләһи көрініс ретінде адам бойында өзін сездіреді. Адам көңіл сарайын жетілдіруге, бекемдеуге тиіс. Сол себепті, Алла Тағала адам баласы көңіл дүниесін жетілдірсін, нәпсінің құлына айналмасын деп дін, пайғамбар және кітаптар жіберген. Бұл жағдай Құран Кәрімнен бастап Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде кеңінен сөз болады. Құран Кәрімде: «Нәпсі адамға жамандық жасауды әмір етеді» (Жүсіп сүресі, 53-аят) делінеді. Осы орайда нәпсінің шектен тыс қалауларына қарсы шығу және оны ауыздықтау адамды жақсылыққа жетелейді. Сондықтан, нәпсіні тәрбиелеу өте маңызды жайт. Алла Тағала тағы бір аятта: «Нәпсісін тазартқандар азаттыққа жетті» (Ағла сүресі, 14-аят) деуі арқылы нәпсі тәрбиесіне назарымызды аударуда.

Тәбук ғазауаты һижреттің 9-шы жылы, біздің жыл санауымыз бойынша 630 жылы болған-ды. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқарған отыз мың ислам жауынгері бар бұл жорық Тәбукте қалған жиырма күнді қосқанда елу күнге созылды. Бару-қайтуды есептегенде жолдың ұзақтығы 1400 шақырымды құрады. Жаз мезгілі болғандықтан күн ми қайнатардай шыжып тұрды. Бір жағынан құрғақшылық бұл жорыққа әбден қиындық әкелді. Ислам тарихында бұл жорықты «қиыншылық ғазауаты» деп атады. Византия секілді күші басым дұшпанға бетпе-бет келу қиыншылығын қоссақ, Тәбук ғазауатының қаншалықты қилы-қилы кезеңдерге дөп келгенін байқау қиын емес. Осы жорықтан Мәдинаға оралған Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің майдандас сахабаларына: «Енді кіші жихадтан үлкен жихадқа келдіңіздер», - деп еді. Сахабалар: «Үлкен жихады несі, уа,Алла Елшісі деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол – құлдың нәпсілік қалауларымен күресуі» деп жауап берді (Дәйләми, Бәйхаки).

Иә, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бастап барған осыншалықты қиын, машақаты көп жорықтың нәпсіге қарағанда «кіші жихад» деп сипатталуы және нәпсімен күресті «үлкен жихад» деп атауы бізді ұлы ойға жетелейді. Нәпсімен күрестің қаншалықты қиын екендігін осы хадис-ақ паш етіп тұр. Яғни Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жерде «соншалықты зор жихадтан да үлкен зор жихадқа оралдыңыздар. Тәбукке барып, ғазауатты қалай өткерген болсақ, енді өз нәпсімізбен күресу жорығын солай бастайсыздар» дегенді меңзеген еді.

Нәпсімен күресу неліктен осыншалықты маңызға ие болды? Өйткені, жалған дүниеде жасаған әрбір жамандықтың артында нәпсі тұрады. Марқұм әулие Жәміл Солақұлы «Егер нәпсі азғындады ма, оның алдында таулар шыдап тұра алмас» деген болатын. Яғни бұл қарсы алдына тау шыға келсе де, оны төңкеріп, жермен-жексен етер еді дегенге саяды. Бұл жерде нәпсінің соншалықты азғындығын және оны жеңудің қиынның қиыны екендігін меңзеп тұр. Мәселен, ашу – мінез-құлықтың ең нашары әрі нәпсінің қозғаушы күші. Ашуға берілген адам, егер нәпсісіне ие бола алмаса, түрлі келеңсіз жағдайларға тап болуы мүмкін. Алдындағы адамды ұрыстың астына алып, ұрып-соғып, тіпті өлтіріп жіберуі де бек мүмкін. Сол үшін Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисте: «Нағыз жігіт деп күресте қарсыласын жеңгенді емес, ашуланған уақытында нәпсісін тізгіндеген жігітті айтамыз», - деді (Бұхари, Мүслім).

Сол себепті адамгершілікке тән қасиет – нәпсісін жүгендеп, белгілі бір шамада ұстап тұру болса керек. Егер олай болмай шықса, оның салдары өте қайғылы болмақ. Нәпсіні семіртіп, тойымсыздыққа үйрету адамды түбі көрінбес шыңырауға құлатады. Өйткені нәпсі ешқашан тойған емес, одан да зорын тілеп тұрады. Осы орайда Имам Бұсыри өзінің әйгілі еңбегі Қасида Бурдада былай дейді: «Нәпсі деген емшектегі бала секілді, егер уақытында емшектен шығармасаң, соталдай болып есейсе де, тағы да сүт емемін деп тұрып алады. Нәпсің саған емес, сен нәпсіңе ие бол! Себебі нәпсі кімді жеңсе, соны өлтіреді не солдырып тынады. Нәпсі отарын еркіне қоя берсең жан-жаққа жайылып кетеді, өйткені көру керек, қызықтау керек. Көк майса шөбі қалың өрісте қойлардың орнына өзі жайылып кетеді. Нәпсінің татқызған ләззаттың көбі – адамды өлтіретін у. Нәпсі «мынау алтын ыдыстағы бал» деп уды ұсынады».

Нәпсіге деген қарым-қатынасты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай сипаттайды: «Нәпсісінен есеп алып (оған ие болып), өлімінен кейінгісі үшін амал еткен – ақылды адам. Ал нәпсінің (шегі көрінбес) арман-тілектерін орындап, әрі Аллаға босқа үміт артып, қалауын сұраған – бейшара, әлсіз адам»(Тирмизи, Қиямет, 26).

Жоғарыда келтірген барлық аят-хадистер мен мысалдар бізге нәпсіге қарсы қалай әрекет ету керектігін айқын көрсетеді. Яғни адам нәпсінің қалауын орындамай, ізгі амалдарды атқарып, ақыреті үшін еңбек етуге тиіс. Содан кейін Құдай Тағаладан осы дүние мен ақыреті үшін нәтижесін күтуі керек. Керісінше жағдайға тап болар болса, құр армандағаннан басқа түк шықпайды. Басқаша айтқанда, ол адам өз-өзін «Алламен алдаған» болып шығады. Яғни, әрі нәпсісіне еріп, күнә жасап, әрі осы тірлігімді Алла  кешірер деп армандау – адамның амалын зая етеді. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: