Рамазан айындағы қосымша сауапты істер

Рамазан айындағы қосымша сауапты істер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айы – құлшылық айы. Бұл айда адам өзіне көп көңіл бөлуі керек және мүмкін болғанынша көп құлшылықтарға ниеттеніп, оларды амалға асыруға тырысу қажет. Мұсылман адам Рамазан айында ауыз бекітумен қатар мынадай қосымшша сауапты істер жасауына болады:

 

Тәубе ету

Алла Тағала былай деді: «Ал кім тәубе етпесе, солар – залымдар» (Хужурат 49: 11).

Аса Мейірімді Алла тәубе етушінің тәубесін әрқашан және әр уақытта қабылдайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндайтын: «Маған Жәбрейіл періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Рамазан айына жетіп, сонда да кешірімге ие болмаған адам Отқа кіреді, әрі Алла оны Өзінен алыстатады. «Әмин!», – деп айт», – деді. Мен: «Әмин!», –  дедім» (Ахмад, Ибн Хиббан, әт-Табарани “әл-Кәбир”).

Тәубе еткісі келген адам үшін тәубе есіктері ажалы жетпейінше ашық тұрады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Ұлы әрі Құдіретті Алла құлының тәубесін ол жан тәсілім етердегі қырылын білдірмейінше қабыл етеді», – деген (әт-Тирмизи 3537, Ибн Мәжаһ 4253. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген).

Осы айға жетемін деп армандаған, бірақ дегендеріне жете алмаған қаншама адамдар бар еді. Олар қабірлерінде, ізгі істерін арттыра да алмайтын, көптеген күнәлары үшін кешірім де сұрай алмайтын кепілге алынған тұтқынға айналды. Сондықтан да ешкім, күнәлары қандай үлкен болса да, тәубе ету мүмкіншілігін назарсыз қалдырмасын, өйткені Алла Тағала былай деді: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Алла күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!» (әз-Зүмар 39: 53).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең», — деді (Ибн Мәжаһ 4250. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 3008).

Сондықтан да адам Алланың мейірімінен күдер үзбеуі және күнәлары мен айыптарының көп екенін әрі олардан құтыла алмайтынын сылтауратып, мойынсұнбаушылықтары мен күналарын жалғастырып, Мейірімді Раббысын ызаландырмауы қажет. 

Алайда Раббымыз Кешірімді әрі Мейірімді екенін, бірақ Ол Өзінің кешірімі мен мейірімін тек белгілі шарттар орындалған кезде, нақтырақ айтқанда, адам Алла Тағалаға толық әрі ықыласты тәубемен жалбарынғанда ғана нәсіп ететінін білу керек.

 Тәубе етудің үш шарты бар:

1) Күнә жасауды тыю,

2) Күнә жасағаны үшін өкіну,

3) Болашақта ешқашан осындайды жасамауға бел байлау.

Егер осы шарттардың біреуі болса да орындалмаса, онда тәубе қабыл етілмейді. Ал егер жасалған күнә басқа адамға зиянын тигізетін болса, онда тәубенің төрт шарты орындалуы керек. Нақтырақ айтсақ, жоғарыда аталған үш шартқа қоса зардап шеккен кісіден кешірім сұрау әрі егер іс материалдық құндылықтарды заңсыз тартып алуға қатысты болса, оны иесіне қайтару («әл-Әзкар» 321, «Рияду-с-салихин» 28).

 

Құранды көбірек оқу

Алла Тағала былай деді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді» (Бақара 2: 185).

Ибн Аббас былай баяндайтын: «Жәбрейіл періште Мұхаммед пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының әр түнінде кездесіп, онымен бірге Құран үйренетін» (Бухари 6, Муслим 2308).

Хафиз ибн Ражаб былай деген: «Бұл хадисте Рамазан айында Құран үйрену үшін жиналудың абзал екеніне нүсқау бар. Сондай-ақ хадисте Рамазан айында Құран оқуды арттыру керек екеніне де нұсқау бар» («Ләтаифул-мә’ариф» 189).

Егер мұсылман күндізгі уақытын ораза ұстауға, ал түнін Құран оқуға арнайтын болса, онда Қиямет күні оның екі шапағатшысы болады: олар – ораза мен Құран. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ораза мен Құран Қиямет күні Алланың құлына шапағат етеді. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден айырдым, сондықтан маған ол үшін шапағат етуге рұқсат бере гөр!», – деп айтады. Ал Құран: «Раббым! Мен оны түнде ұйқыдан айырдым, сондықтан маған ол үшін шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», – деп айтады. Сосын олардың шапағаттары қанағаттандырылады» (Ахмад 2/174. «Сахих әт-тарғиб» 973).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары, содан соң олардыңізбасарлары Құран Кәрімнің мағыналарына үңіліп, оны оқып, Рамазан айының күндері мен түндерін өткізетін еді. Рамазан айы келгенде олар Құран оқуды көбейтетін, әрі үмметіміздің ұлы имамдары олардың осы өнегесіне ілесетін. Мысалы, имам Мәлик рамазан айында өзінің барлық ғылымдарын қалдырып, Құран оқуға кірісетін. Дәл солай имамымыз Әбу Ханифа да, Суфьян әс-Сәури де жасайтын. Ізгі алдынғы ұрпақтарымыздан болған кейбір ғалымдарымыз түнгі намаздарында Құранды түгелдей үш күн ішінде, екіншілері – жеті күн ішінде, ал басқалары – әр он күнде оқып бітіріп шығатын. Сондай-ақ, Қатада түгел Құранды әр жеті күн сайын оқып шығатындығы, ал рамазан айы басталғанда ол оны әр үш күн сайын оқып шығатындығы туралы хабарланады. («әс-Сияр» 5/276).

Алайда, Құранды үш күннен кем уақыт аралығында толығымен оқып шығуға болмайды, өйткені Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі Құранды үш күннен кем уақыт аралығында оқып шықпаған, бұған қоса: «Құранды үш күннен кем уақыт аралығында оқыған адам оны түсінбейді», – деген (Әбу Дәуд 1394, әт-Тирмизи 2949).

Ал Құранды әлі оқи алмайтын адамдар туралы айтар болсақ, онда біз оларға ерік күшін иемденіп, араб әліппесін меңгеріп алуларын тілейміз. Олар игілікті Рамазанда да, одан басқа уақыттарда Құранды оқып, ұлы сауапқа қол жеткізулері үшін. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Алланың Кітабынан бір әріп болса да оқыған адамға, бір игі іс жазылады. Ал осы бір игі іс үшін, он есе сауап қайтарылады. Мен: «Әлиф, ләм, мим»  – бір әріп», – деп тұрған жоқпын. Жоқ, «әлиф» – бір әріп, «ләм» – бір әріп және «мим» бір әріп болып табылады» (әт-Тирмизи 2910).

Са`д ибн Әбу Уаққас былай деп айтқан: «Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады» (Ахмад, әд-Дәрими, «әл-Әзкар» 136).

Сәбит әл-Бунани былай деп айтатын: «Әнас ибн Мәлик Құранды түгелдей оқып аяқтаған кезде, бала-шағасы мен отбасы мүшелерін жинап, Аллаға дұға ететін еді» (әд-Дәрими 2/469, Са’ид ибн Мансур 1/140).

Ибн Утайба былай деген: «Бірде Мужаһид пен Абда ибн Әбу Любаба мені (кісі жіберіп) шақыртып алды. Мен оларға келгенімде, олар маған: «Расында, біз сені шақырған себебіміз, Құранды тилауат етуді (оқуды) аяқтап жатқан едік. Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады», – деді» (Ибн Әбу Дәуд, «әл-Әзкар» 119).

 

Көбірек жомарттық таныту

Рамазан айы жомарттық пен мейірімділік мезгілі секілді. Бұл айда мүміндер осы сипаттарды танытуда өзара жарысады. Ибн `Аббас былай баяндайтын: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жомарт адам еді. Ал Рамазанда ол ерекше жомарт болатын. Әрі ол еркін есетін желден де артық игі нәрселерге жомарт еді» (әл-Бухари 6, Муслим 2308).

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметін ораза тұтушылырға қамқорлық көрсетуге ынталандырып: «Ораза тұтушыға ауызашар берген адам ол алғандай сауабқа ие болады, бірақ сонымен қоса ораза тұтушының сауабы тозаңдай нәрсеге кемімейді», — деп айтқан (Ахмад 5/192, әт-Тирмизи 807).

Имам Ибн Шиһаб әз-Зуһри рамазан айы келгенде былай деп айтатын: «Бұл Құран оқу мен адамдарды тамақтандыру айы» (Ибн `Абдул-Барр «әт-Тәмхид» 6/110).

Ізгі буын өкілдеріміздің сахаба-табиғиндердің көбісі: олардың ішінде Ибн `Умар да, Мәлик ибн Динар да, имам Ахмад та болған - өз тамақтарын кедейлердің пайдасына қиып, оларға ауызашар берген. Ал Ибн Омарға қатысты айтар болсақ, ол тек жетім немесе кедей адаммен бірге ауыз ашатыны туралы хабарланады («Сәб’унә мәсалә фи-с-сыям» 19).

Бауырлар! Біз де ораза ұстаушыны ауызашармен, ал өзімізді оған тиісті сауаптай сауаппен қуанту үшін, оны тамақтандыруға асығайық!

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – ас беретіндерің!», – дейтін (Ибн Мәжаһ, Әбу Я`лә, әт-Табарани. «әс-Силсилә әс-сахиха» 44).

Егер адамдарға ас беру Исламның ең жақсы көріністерінің бірі болса, онда осы ұлы амалды рамазан айында жасау туралы не айтса болады!

Алла Тағала Жәннатты тақуалар мен кешірім етуге, дүние жұмсауға, игілік істеуге асығатындар үшін жаратты әрі оларға Өзінің жарылқауын уәде етіп, былай деді: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей Жәннатқа жарысыңдар. Олар кеңшілікте де, таршылықтада Алла  жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла  жақсылық істеушілерді сүйеді!» (Әли-Имран 3: 133-134).

 

Құлшылықта көбірек  ынта таныту

Айша (оған Алла разы болсын) былай деген: «Рамазан айында Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа уақыттарға қарағанда көбірек ынта танытатын, ал рамазан айының соңғы он күнінде ол осы айдың басқа күндеріне қарағанда  көбірек ынта танытатын» (Муслим 1175).

Әбу Һурайра былай деп баяндайтын: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында адамдарды түнгі нәпіл намаздарын оқуға ынталандыратын, бірақ бұны оларға үзілді-кесілді бұйырмайтын (яғни парыз етпейтін). Алайда ол: «Рамазан айының түндерін Алланың сыйына иман келтіріп және үміт етіп, намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», — деген» (әл-Бухари 37, Муслим 759).

Амр ибн Мурра әл-Жуһани: «Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ екеніне, әрі сен Алланың елшісі екеніңе куәлік беретінімді, намаз оқитынымды, зекет беретінімді, ораза ұстайтынымды және Рамазан түндерін намаздармен өткізетінімді білесің бе?!», — деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім осыларды үстанған күйінде қайтыс болса, Жәннатта шыншылдар мен шаһидтер арасында болады», – деп баяндайтын (әл-Баззар, «Сахиху-т-тәрғиб» 1/419).

 

Рамазан айында жасалатын ғибадаттардың тереңдігі оның уақытына, орнына және жағдайына байланысты. Сол себепті  Рамазан айында жасалған амалдар өзгеше бағаға жетеді. Бұл айда пенделер түрлі кейіпте Аллаға жақындайды. Бұл айда ұсталған оразаның сауабына ешбір ораза жетпейді. Яғни, сіз басқа уақыттарда жасаған іс-амалдарыңызбен дәл Рамазанда жететін марапатқа жете алмайсыз. Алла Тағала баршамыздың дұға, тілектерімізді, сауапты істерімізді қабыл еткей!

аsylarna.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: