Шарапаты мен шапағаты мол ай

Шарапаты мен шапағаты мол ай

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Иман бұлағынан сусындай бастаған халқымыз қасиетті  Рамазанда Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниеттеніп отыр.

Алла тағала өз мейірімі әрі кеңшілігімен белгілі күннің, түн мен айдың қадірі мен қасиетін һәм артықшылығын арттырып қойды. Қасиетті Құранда айтылған Рамазан айының ерекшелігі, бұл мезгілде жасалған кез келген игі істің, біздерді Жаратушыға жақындататын жақсы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

Ораза – Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Оразаның теңдессіз сауабын Жаратушы Иеміздің жасырып қоюында үлкен сыр бар. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Ал, Алланың уәдесі – хақ.

Көзбен көріп, қолмен ұстап, түйсікпен түсініп алмайынша көп нәрсеге сене бермейтін адам баласының санасына салмақ болатын сауапты жасыруда біз біле бермейтін даналық көп. Бұл – ұлық ғибадатты кіршіксіз орындап, ұлы мақсатқа ұмтылуға жетелейді.

Рамазан, сонымен қатар рухани жаңару айы. Жер жүзін мекендеген барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан-дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.

Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.

Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), - дейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған бастама жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай. 

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге береке берсін!

Ескерту: 2018 жылдың 17-мамыры – қасиетті Рамазан айының біріншікүні. Тарауих намазы 16-мамыр күні құптан намазынан кейін оқылады.

Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлы

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: