Иманды қалай сақтауға болады?

Иманды қалай сақтауға болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан  иман дегеніміз не деп сұрағандарға былай жауап бергендігін келтірген:«Құлшылық етуде Алладан басқа лайық құдайдың жоқтығына, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне, Оның Періштелеріне, Кітаптарына, пайғамбарларына, ақирет күніне, тағдырға және жақсылық пен жамандықтың Алланың қалауымен болатындығына иман келтіру».

Алланың қалауымен, біздің иманымыздың әлсіреп тұратын кездері болып тұрады… Әрбір жанның жүрегіндегі иманның күннен-күнге нығайып тұруы үшін не істеу керек?

1. Алланың Ұлылығы жөнінде жиі әрі көп ойлану

Алла Тағала — Жаратушы, Әмірші, ризық Беруші, құдірет Иесі және Күшті. Бұл дүниеде Алланың қалауынсыз ешнәрсе де жүзеге аспайды әрі Оның рұқсатынсыз ештеңе де қозғалысқа түспейді. Оның жаратқан пенделері науқастанады, жазылады, мал-мүлкінен айырылады, қайтадан байлыққа кенеледі, жарық дүниеге келеді, күндердің күнінде қайтыс болады, қимылсыз қалып, тек Оның қалауымен ғана қимылдай бастайды. Оған жасырын дүниелер мен құпия әңгімелер аян. Ол үшеудің арасындағы құпия сырды біледі. Ол Әлемдердің Раббысы. Ол тек «Бол!» - десе болды, бәрі де болады. Егер мұсылман өз Жаратушысының Ұлылығын жете түсінер болса, ол дінді берік ұстанатын болады.

2. Алланы тілмен, жүрекпен және әрекетпен жиі әрі көп еске алу

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (2:152).

Хадистердің бірінде Алла Тағала Қиямет күні Өз Аршысының көлеңкесіне жасыратын жеті адам санатының бар екендігі келтірілген, солардың бірі  — «жалғыз қалғанда Алланы еске алғаннан көздеріне жас толатын адамдар» (әл-Бұхари 660).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен қасиетті хадисте Пайғамбарымыз   Алла Тағаланың былай айтқандығын келтірген: «Менің құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен сондай боламын. Ол Мені есіне алғанда, Мен оның қасында боламын. Егер ол Мені іштей есіне алса, онда Мен де оны іштей есіме аламын, ал егер ол мені басқа адамдардың арасында есіне алса, онда Мен де оны олардан да жақсылардың арасында есіме аламын. Егер құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақтай жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындайтын болса, Мен оған сажындай жақындаймын, ал егер ол Маған қарай бір қадам жасайтын болса, онда Мен оған қарай жүгіремін” (әл-Бұхари 7405; Мүслим 2675).

3. Алладан иманыңды нығайтып, сынақтардан сақтауды сұрау

Бір хадисте Әнас ибн Мәлик Алла Елшісінің   жиі былай дұға жасайтынын келтірген: “Уа, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр! /Йа мукаллиба-ль-кулуби саббит кальби ‘аля диник”. Сонда мен: “Алла Елшісі, біз саған және сенің айтқаныңа иман келтірдік. Сен әлі де біз үшін қорқасың ба?” – деп сұрадым. Ол Иә, асылында, жүректер Алланың екі саусағының арасында, Ол оларды Өз қалауынша аударып-төңкереді”, - деп жауап берген. (Ат-Тирмизи (2140): «Бұл жақсы хадис», - деген).

Жолында кедергісі жоқ дұға қабыл болады. Құранда былай айтылған: «Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді” дейді”» (40:60).

Ендеше, кімде-кім иманды жақсы көрсе, жиі дұға жасап, Аллаға үміт артып, өз Жаратушысымен байланысын нығайтып отыруы керек.

4. Діни құлшылықтарды орындауда селқостық танытпау

Бұл парыз намаздарға, оразаға, қайыр-садақа беруге және адамдармен жақсы-қарым қатынаста болуға қатысты айтылған. Осы және басқа да міндеттерді мүлтіксіз орындау — табандылық танытудың маңызды себептерінің бірі әрі бұл тақырыптағы хадисті Әбу Хурайраның (р.а.) келтіргендігін атап өткен болатынбыз.

5. Алла Тағала алдындағы парыздарды орындаумен ғана шектелмей, қосымша игі амалдар да жасау

Қосымша игі амалдарға нәпіл намаздар, қайыр-садақа беру, нәпіл ораза, кіші және үлкен қажылық жатады. Бұл жөнінде жоғарыда айтылған Әбу Хурайраның (р.а.) хадисінде келтірілген.

6. Құран аяттарына ой жүгіртіп оқу

Қасиетті Құран — сарқылмас байлық әрі өлшеусіз қор. Мұны Алла Тағала 23 жыл бойы Өзінің Елшісі Мұхаммедке  , оның үмбетінің бұл дүниедегі басшылығы етіп, үмбетті бақытсыздыққа ұшыратпай, опат болудан сақтап, олардың тура жолын жарықтандыру үшін түсірген.    

Алла Тағала былай айтқан:  «Ал сонда олар Құранды түсінбей ме? Егер Алладан басқаның қасынан болса еді, әрине онда олар көптеген қайшылықтар табар еді» (4:82); 

«(Мұхаммед Ғ.С.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын» (38:29).

Алла Құранға ой жүгіртпейтіндерге сес көрсете былай айтқан: «Әйтпесе олар, Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?» (47:24).

Кім Құранды басшылыққа алып өмір сүрсе, сол тура жолда нық тұрады әрі осы дүниеде және ақирет өмірде құтылатын болады.

7. Өз күніңді Алла бұйырған намаз бен өзге де жақсы амалдарды есепке ала отырып, сондай-ақ, жеке бас, отбасы әрі қоғам қажеттіліктерін жоспарлау

Асқан ұйымшылдық адамды өз қағидаларына берік болуды үйретеді, Алла Тағаланың панасында болып, тура жолдан ауытқымауға көмектеседі.

8. Кез-келген тыйым салынған істен бойыңды аулақ сал, үлкен-кіші күнәлардан сақтану

Күнә — шайтанның жүрекке кірер есігі, жүректі аздырып, күнәһарды келесі бір күнә жасауға итермелейді. Бұл жүрекке түскен қара дақ, осы даққа тағы бір дақ қосылу арқылы жүрек толықтай қап-қара болмайынша қарая беретін болады.

Хузайф Пайғамбарымыздың  былай айтқанын келтірген: «Ши тоқыманың есілгеніндей, жүректер де алдау мен арбауға түседі. Алдау мен арбау сіңіп қалған жүректе қара дақ пайда болады, ал оларды қабыл алмайтын жүректерде ақ дақ пайда болады, осылайша жүрек екі түрге бөлінгенше жалғаса береді. Біріншісі — жылтыр жартасқа ұқсас ақ, жер мен көк тұрғанда, алдау мен арбау оған зиянын тигізе алмайды, ал екіншісі —төңкерілген құман тәрізді қара сұр: ол рұқсат етілгенді мойындамайды, тыйым салынғаннан бойын аулақ салмайды, оған тек өз құмарлығы ғана сіңіп алған» (Мүслим 144).

9. Бұл дүние және Алланың жаратқандары туралы көп ойлану

Дегенмен, ақылды адамға өзін ойлау ғана жеткілікті.

Алла Тағала былай айтқан: «Жер жүзінде нақ сенушілерге дәлелдер бар;

Сондай-ақ өздеріңде де бар. Көрмейсіңдер ме?» (51:20-21); 

«Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41:53).

Пенденің тәні сондай көркем күйде жасалып, есту, көру, иіс сезу қасиеттеріне, екі қол, екі аяқ және тағы да басқа ағзаларға ие болған кейіпте жаратылған. Егер адам бір сәт осы нығметтер туралы ойланар болса, онда міндетті түрде: «Алла Пәк! Алла Ұлы!» деп айтар еді. Сөзсіз, Алла Тағаланың жаратқандары туралы ойлану Оның бұйырғандарын табанды түрде орындауға көмектеседі. Алланы үнемі ізет тұту Оның ілімі мен дінін сенімді түрде ұстануға жәрдемдеседі.

10. Өзіңе жақсы жолдастар мен адал достар табу

Жолдастар бір-біріне ұқсауға әрі ықпал етуге тырысады. Сондықтан жақсы істерде сізге қолдау көрсетіп, күнәлардан шектетіп отыратын жандарды ғана өзіңізге дос етіп алыңыз. Бұл діндегі табандылықтың кепілі, өйткені адамның жаны өзгелердің ықпалына түсіп кетуге немесе біреулерге әсер етуге қабілетті. Адам баласы айналасындағылардың ықпалына берілгіш келеді, алайда ешкім де менмендік танытушы болмасын.

Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады» (43:67). Олар жақсы достар деп айтылған, өйткені бір-біріне ықпал етіп отырған.

Ақындардың бірі былай айтқан болатын: «Адам жайында сұрама, оның досы туралы сұра, өйткені достар бір-біріне ұқсас келеді».

11. Мүміндерден болған тамаша адамдардың өмірімен танысу

Бірінші кезекте, Алла Елшісінің  өмір тарихын оқыңыз. Ол төзімділік танытқандардың ең жақсысы, тақуалардың имамы, алдыңғылар мен соңғылардың сардары және ұқсауға тырысудың ең көркем үлгісі бола білген.  

Алла Тағала былай айтқан: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33:21).

Шүбәсіз, ұлы адамдардың өмірімен танысу адамға олар қол жеткізген қажыр мен күшті береді. Бақытты болуға ұмтылушылар өз бағдарламасына ұлы тақуалардың өмірлері туалы кітап оқуды қосып қойсын. Бұл дінді табанды түрде ұстануға, жетістіктерін қорғауға және өмірдің келеңсіздіктеріне әлсіздік танытпауға көмектеседі.

12. Пайдалы ілім алу

Пайдалы ілім істің мән-жайын және маңыздылық деңгейін жете түсінуге жәрдемдеседі. Ең көркем білім — Алла, Оның Елшісі және Оның шариғаты туралы ілім.

Алла Тағала былай айтқан: «Алла (Т.) сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі» (58:11); 

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Білгендер мен білмегендер тең бола ма?”,- де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады» (39:9).

Ибн ‘Аббас Алла Елшісінің  былай айтқанын келтірген: «Шайтанға білімсіз мың құлшылық етушіден бір білімді қауіпті» (Ибн Маджа 222).

Осы қарапайым кеңестерді басшылыққа алар болсақ, олар дінде табанды болып, оны сүюге әрі кедергілердің алдында әлсіздік танытпауға көмектеседі.

Уа, Алла, бізді тура жолдан тайдыра көрме, иманды түрде өліп, мүміндермен бірге тірілуге нәсіп ете гөр. Асылында, Сен біздің дұғаларымызды естисің әрі қабыл етесің.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: