Өкіл имам медресе шәкірттерін ерлігі үшін марапаттады

Өкіл имам медресе шәкірттерін ерлігі үшін марапаттады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам Алла Тағаланың құдіретімен жаратылған. Ол қоғамда құнды әрі бағалы. Алайда адамның осы жарық дүниеге келгеннен кейін өлімнің дәмін татуы да заңдылық. Қасиетті Құран Кәрімнің  «Анкабут» сүресінің 57-аятында: «Әрбір жан иесі өлімді татады. Сосын біз жаққа қайтарылады», – делінген.

Дегенмен, Алла Тағаланың адамға осы дүниеде берген өмірін өзі қиюы кездесетіні өкінішті. Бұл бүгінде өте қатты белең алып барады десе де болады.

Өкінішке орай, сондай оқиға 27 сәуір күні Тараз қаласында биік ғимараттардың бірінде орын алған еді. Құрылысы аяқталмаған ғимараттың біріне шығып, «биіктен секіріп кетемін» деп қиғылық салған Медицина колледжінің 4 курс студенті 19 жасар Арайлым Өмірзақты, абырой болғанда «Һибатулла Тарази» медресесінің екі шәкірті құтқарып қалған болатын.

Осыған байланысты, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев медресе шәкірттері Бадықов Ұзақбай мен Нұрбай Айтөрені ерлігі үшін алғыс хатпен марапаттады.

«Сізге өз-өзіне қол жұмсамақ болған қаракөз қарындасымызды қиын сәтте бір өлімнен құтқарып қалған асқан ерлігіңіз үшін облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті атынан шын жүректен алғыс білдіремін. Сіздей шәкіртіміздің барын біз мақтаныш тұтамыз!» делінген алғыс хатта.

«Алла Тағала Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды тірілтсе (өлім қатерінен құтқарса) ол, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең», - деген. Міне, сол ерлікке толы ізгілікті істі сіздер жасадыңыздар.  Сіздерге шын жүректен алғыс айтып, өмірлеріңіздің ұзақ болуын және білім жолында үлкен жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін», - деген ниетін жеткізді бас имам Данияр Әлимұхамедұлы.

Естеріңізге сала кетсек, 27 сәуір күні  биіктен секірмекші болған студентті райынан қайтаруға құзырлы орын өкілдері мен оқу орнының басшылығы жұмыла күш салғанымен, еш нәтиже шықпаған еді. Қайта керсінше, адам жақындаған сайын бойжеткен ғимарттың қиыр ұшына жылжып, жағдай ушыға берді.  Тек келіссөзге медресе шәкірттері кіріскенде ғана өмірден баз кешкен 19 жастағы қыз сабырға келгендей болады. Осы сәтті тиімді пайдаланған шәкірттер оны ұстап алып, құтқарып қалған болатын.  

 

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: