Ұлы тұлғылардың ғибратты өмірлері насихатталды

Ұлы тұлғылардың ғибратты өмірлері насихатталды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сәуір айының 12 күні «Кеңесхан қажы»  мешітінде ауызашар берілді. Бейсенбілік ауызашар дастарханынан кейін «Кеңесхан қажы» мешітінің Бас имамы Жұмағұл Қанат «Мұсылмандардың өзара бір-біріне деген жанашырлығын қозғады. Қанат Әділханұлы өз сөзінде мына бір оқиғаны тілге тиек етті.

«Марокканың хафиз (хадис мәтіндері мен деректерін жатқа жеткізуші) ғалымы Саид әл-Кәмәли жеткізген бұл риуаятта сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) бір күні сырқаттанып, жатып қалады. Зайыбы Сафия (р.а.) неше түрлі ас әзірлесе де, науқастың тәбеті тартар емес. Содан Сафия жолдасынан не жегісі келетінін сұрайды. Абдулла (р.а.) оған жүзім жегісі келгенін жеткізеді. Әйелі лезде қызметшісінің қолына 1 дирһам ұстатып, базарға жібереді. Ол барып жүзім сатып алып келеді. Жүзім алып тұрғанда оны ұзақтан бағып тұрған қайыршы оның соңынан үйге дейін еріп келген екен. Абдулла ибн Омар жүзімді қолына алып тамсанып, жеуге ыңғайланғанда есік қағылады. Үйдегілер есікті ашса, еріп келген мұқтаж жан әлгі жүзімді садақа ретінде сұрап тұр екен. Оны естіген Абдулла (р.а.) қолындағы жүзімді әлгіге беруге бұйырады. Әйелі құлына тағы 1 дирһам ақша беріп, жүзімге жібереді. Қайтарда әлгі жағдайы нашар кісі тағы еріп келеді. Бір қызығы – Ибн Омар (р.а.) жүзімді бұған тағы бергізеді. Науқас жолдасы үшін алаңдаулы Сафия (р.а.) қызметшісіне тағы бір 1 дирһам беріп тұрып «Әлгі кісі соңыңнан тағы еретін болса, оған айт, менен жақсылық күтпесін» деген екен».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағылымын бойына сіңірген кез келген жан дәл осылайша өзгені өзінен жоғары санайтын, жанашыр болары сөзсіз.

Негізгі уағызды «Бегалы ата» мешітінің Бас имамы Тілманбетов Таңат қажы жалғастырды. Ол жамағатқа Дәуіт және Сүлеймен (а.с.) пайғамбарлар туралы айтты.

Дәуіттің (оған Алланың сәлемі болсын) мұғжизаларының бірі сол - Алла тағала Дәуіттің патшалығын үлкен күш-қуатқа ие қылды. Сондай-ақ ол арқылы көптеген мұғжизаларын көрсетті, оған жазбалар түсірді. Бұл жазбалар жинағы «Забур» деп аталды. Алла тағала: «Сондай-ақ Дәуітке Забурды бердік» (Ниса сүресі, 163 аят), – деген.

Дәуіттің тағы бір ерекшелігі дауысы өте көркем, әдемі еді. Тіпті одан өзге әсем дауысты адам жаратылмаған деп айтылады. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Мұса әл-Ашғаридің (Алла оған разы болсын) Құран оқығанын тыңдап тұрып: «Әбу Мұсаға Дәуіттің сырнайларынан нәсіп болған екен», – деген екен (Имам Ахмад риуаят еткен).

«Оның патшалығын күшейтіп, оған даналық, сондай-ақ төрелік айту қабілетін бердік» (Сад сүресі, 20 аят), – дейді.

Дәуіт дүниеден қайтқан соң, билік тағын оның ұлдарының бірі Сүлеймен иемденді.

Алла тағала: «Сүлеймен Дәуітке мұрагер болды», - дейді (Нәміл сүресі, 16 аят). Аяттағы «мұрагер» деген сөзден мал-дүниеге қатысты емес, пайғамбарлық пен патшалық істеріндегі мұрагерлік меңзелген. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Біз пайғамбарлар мирас қалдырмаймыз. Біздің қалдырғанымыз – садақа», - деп айтқаны бар (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят етті).

Оған берілген мұғжизалардың бірі – Сүлеймен құстардың тілін білетін. Алла тағала Сүлеймен пайғамбардың тілінде: «Ей, адамдар! Бізге құс тілі үйретілді. Сондай-ақ бізге әр нәрсе берілді. Рас, бұл әлбетте анық бір артықшылық», - деген (Нәміл сүресі, 16 аят).

Сонымен бірге ешкімге берілмеген және ешкімге берілмейтін, бағындырылмайтын мақлұқаттардың бірі – жындардың Сүлейменге қызмет жасауы. Ол барлық жын-шайтандардың үстінен билік жүргізді.

Алла тағала баршамызға бұл екі пайғамбардың және басқа да ізгі жандардың өмірлерінен ғибрат алуға жазсын!

«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: