Алла Айюбқа (а.с.) барлық балаларын қайтарып берген...

Алла Айюбқа (а.с.) барлық балаларын қайтарып берген...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір риуаятқа сай, бір жұма намазы күні Жәбірейіл Айюб пайғамбарға (а.с.) былай бұйырған:

- Уа, Айюб! Алла Тағаланың қалауымен аяғыңа тұрып, жерді қатты теп.

Тақуа Айюб (а.с.) аяғына тұрып, жерді бір тепкен. Сонда жерден екі бұлақ шығады, бірі жылы су, екіншісі салқын су болады. Су сүттен ақ, балдан тәтті әрі судан жұпар аңқып тұрады.

Жәбірейіл Айюбқа (а.с.) салқын судан ішіп, жылы сумен жуынуды бұйырады. Қасиетті пайғамбар судан шыққанда оның жүзі жаңа туған айдай жарқырап тұр еді. Содан кейін Жәбірейіл Жұмақтан екі киім әкеліп, Айюбқа кигізеді. Аяғына екі алтын сандал кигізіп, айва жегізеді. Осыдан кейін Айюб (а.с.) өзін өте жақсы сезіне бастайды.

Айюбтың науқасының ұзақтығы жөнінде әртүрлі көзқарастар айтылған болатын. Әнас ибн Мәліктің (р.а.) санауынша, науқас он сегіз жылға созылған. Уахаб ибн Мухаббихтың айтуынша, ол үш жыл ауырған. Кейбіреулер болса, науқас жеті жыл, жеті ай, жеті күн, жеті сағатқа созылған деп те айтады.

Осыдан кейін Айюб (а.с.) Алланың қалауымен тұрып, екі ракағат намаз оқиды. Содан кейін ол өзінің орнына барып отырады, сол кезде оның әйелі Рахима келеді. Оны кезекті рет садақа сұрай барған үй иелері қуып жіберген

еді. Қайтып келіп, Айюбты орнынан таппай, бірақ оның орнында басқа біреудің отырғанын көріп:

- Уа, Алланың құлы! Бұл жерде науқастанып жатқан Айюб қайда? – деп сұрайды.

- Оны көрсең таныр ма едің? - деп сұрайды Айюб.

- Иә, танимын. Дені сау болса, ол біраз саған ұқсас болар еді, - деп жауап береді Рахима.

Пайғамбар күлімсіреп: - Мен Айюбпын, - деп жауап береді.

Сол кезде Рахима өз күйеуін танып, қатты қуанады. Оны құшақтап, жылап жібереді. Ол бетін оның бетіне тигізіп, оның көзіне қарап, аяғын құша жығылады. Олардың қатты жылағандары сондай, отырған жерлері су болып кетеді. Жәбірейіл келіп, Рахимаға бір жеміс береді, оны ол жеп алады. Алайда Айюб қобалжып тұрады, өйткені ол Рахимаға жүз дүре соғамын деген антын ұмытпаған еді.

Алла Тағала былай бұйырады: - Жүз тары сабағын байлап, сонымен ұр!

Айюб солай жасап, өз антын іске асырады. Осыдан кейін Алла Тағала оған барлық балалары мен жақсылықтарын қайтарып береді. Күндердің күнінде Алла Тағала көктен алтын шегірткеден жауын жаудырады. Айюб оларды етегіне толтырып алады.

- Уа, Айюб! Сен әлі де тоймағансың ба? - деп сұрайды Алла Тағала. - Иә, Раббым! Сенің мейіріміңе кім тояды? - деп жауап береді пайғамбар.

Мәртебелі Айюб жер бетінде екі жүз тоқсан жыл өмір сүрген. Ал кейбіреулер болса, ол тоқсан үш жас жасаған деп айтқан.

«Әнуарул-ашикын» кітабынан

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: