Ұлық мейрам - әз Наурыз

Ұлық мейрам - әз Наурыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Киелі Тараз қаласының көркіне ерекше көрік қосып тұрған облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде Наурыз мейрамы жылда жоғары деңгейде аталып өтетін. Ұлыстың Ұлы күні мешітімізде бүгін де барша сән-салтанатымен тойланды. Мерекелік думанға мешіт қызметкерлері мен жамағат белсенділікпен қатысып, ұлық мерекенің биік деңгейде өткізілуіне атсалысты.

Көнеден келе жатқан наурыз мерекесі - жаңару мен жақсарудың, тіршіліктің жаңғырар сәтімен тұспа-тұс келеді. Яғни күн мен түн теңеліп, адамзат баласына, табиғат-анаға, жануар атаулыға тылсым қуат, ерекше қасиет нұры құйылады. Міне, осындай тамаша сезім жетегінде жүрген мешіт жамағаты жұма күнінің құрметіне, Наурыз мейрамының шаттығына масайрап, бір-бірлерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

«Қазақстанда жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз жастардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға үлкен үлес қосып келеміз. Мешітімізде өтіп жатқан бүгінгі Наурыз тойы соның айқын дәлелі», - деп сөз сөйлеген «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Аманбаев Ержан мешіт жамағатын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, әр жанұяға бақыт пен жақсылық, құт-береке тіледі.

Наурыз мейрамының құрметіне екі жүз адамға арналған дастархан жайылып, бауырсақ, талқан, құрт, тәтті тоқаштар, ұлттық сусындар қойылды. Әрине, Ұлыстың Ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Думанға жиылған жұртшылық сан алуан рецепт бойынша жеті түрлі тағамнан дайындалған наурыз көжеден дәм татып, бағасын беріп жатты. 

Сонымен қатар, гір тасын көтеру, ләнгі тебу, арқан тарту, қол күресі,  тоғыз құмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен білектілер күш сынасты. Сайыс нәтижесі бойынша:

 

Арқан тартыстан:

I орынды «Бекзат» командасы иеленді – 7000 теңге;

II орынды «Тайван» командасы иеленді – 5000 теңге;

III орынды «Абай» командасы иеленді – 3000 теңге.

 

Гір тасын көтеру бойынша:

I орынды Нұралы ұстаз иеленді – 5000 теңге;

II орынды Тайван есімді азамат иеленді – 3000 теңге;

III орынды Мұрат есімді азамат иеленді – 2000 теңге.

IV орынды Азамат есімді бауырымыз иеленді – 1000 теңге.

 

Тоғыз құмалақ ойыны бойынша:

I орынды Дәулет есімді азамат иеленді – 2000 теңге;

II орынды Ақыл есімді азамат иеленді – 1000 теңге;

III орынды Марат есімді азамат иеленді – 500 теңге.

 

Ләнгі тебу ойыны бойынша:

I орынды Бақытжан есімді азамат иеленді – 5000 теңге;

II орынды Дархан есімді азамат иеленді – 3000 теңге;

III орынды Ғани есімді азамат иеленді – 2000 теңге.

Жүлделі орын алған азаматтарды мешіттің наиб имамы Жапек Ғалымбек мырза құттықтап, азаматтарға жүлделерін табыс етті. 

Қасиетті Ережеп айының бірінші жұмасы, Ұлыстың Ұлы күні мешітімізде осындай сән-салтанатпен аталып өтті. Алла баршамызды наурыздан наурызға, Ережеп айынан Ережеп айына аман-есен жеткізсін!

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: