Екі мешіттің шәкірттері Наурыз мейрамын бірге атап өтті

Екі мешіттің шәкірттері Наурыз мейрамын бірге атап өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Халқымызда Наурыз мейрамын ықылым заманнан бері тойлап, «Ұлыстың Ұлы күні» деп ерекше атаған. Самарқанның көк тасы еріп,  күн мен түн теңеліп,  тіршілік атаулыға жылулық әкелетін мейрамды  ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша «әйелдер-қыздар» секторы мүшелері да кеңінен атап өтті. 

Бүгін орталық  «Һибатулла Тарази» және «Кеңесхан қажы» мешіттерінің ұстаздары Алдасаева Гүлжан және Қожантаева Айдана, Қолағұлова Жібек бірігіп шәкірттер мен әйел жамағаты арасында  Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай «Қош келдің, әз Наурыз» атты іс-шара өткізді.

Кездесу қасиетті Құран аяттарымен ашылды. Гүлжан ұстаз: «Шығыс халықтарының мерекесі саналатын Наурыз адамзат атаулыны достық, татулық, ынтымақтастықты нығайтуға, мейірім мен қамқорлықты қажет ететін жандарға жебеу болуға, сонымен қатар, табиғатпен етене жақын болуға үндейді. Сондықтан Наурыз мерекесі баршамыз үшін қымбат»,-дей отырып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін арнады. Келелі кездесу Жібек ұстаздардың да құттықтау сөзімен жалғасты.  Айдана ұстаз жиналған жамағатқа жалпы Наурыз мейрамының шығу тарихы мен әр елде тойлану  ерекшеліктері туралы айтып өтті.

Екі мешіттің ұстаздары мен шәкірттерінің біріге отырып осындай ұлы мерекені тойлап өтуінің негізгі мақсаты екі мешіттің шәкірттерінің бір-бірін танып-білуі және бірлік ынтымағын күшейту болатын.

Кездесуде халқымыздың көптеген асыл құндылықтары туралы айтылып, Елбасымыздың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, келер ұрпаққа көрсету, үйрету мақсатында қыз ұзату, сырға салу, бесікке салар, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлер дәріптеліп, көрсетілді. Тағылымды кездесуден ерекше әсер алған жамағат бір-бірін мерекемен құттықтап, ақ жаулықты әжелер баталарын берді.  

Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы еліміз бен жерімізге ынтымақ, ырыс, бақыт сыйласын!  Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: