Наурыз – ата-бабамыздың даңқын дәріптеген дәстүрлі рәміз

Наурыз – ата-бабамыздың даңқын дәріптеген дәстүрлі рәміз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметті облыс тұрғындары, қазақстандықтар! Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. Наурыз – барша түркі халықтарына ортақ той. Наурыз – ата-бабамыздың даңқын дәріптеген дәстүрлі рәміз. Бүгінгі биік рухымыздың да, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің де өзегі осында. Олай болса, қасиетті Ережеп айымен тұспа-тұс келген Наурыз мейрамы біз үшін  – риясыз шаттық пен қуанышқа толы мереке болмақ. 

Наурыз жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке, ынтымаққа, достыққа ұмтылдырған күн. Наурыз мейрамы – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы! Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз мейрамы қай кезде де, қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келген.

Халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің рәмізіне айналған Наурыз мейрамы құтты болсын! Сіздерді ақ босағадан аттаған Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, баршаңызға денсаулық, ырыс пен ынтымақ және отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, иманымыз арта берсін! Әмин!

Құрметпен, ҚМБД-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы

 Жұмабаев Данияр Әлимұхаммедұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: