Исламдағы 4 ай несімен қасиетті?

Исламдағы 4 ай несімен қасиетті?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар. Оның үшеуі бірінен соң бірі тізбектеліп  келеді. Олар: Ережеп, Шабан, Рамазан және Зулхижжа. Бұл айлардың қасиеттері Құранда келтірілген. «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер... Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер»  («Тәубе» сүресі,  36 аят). Сол үшін де бұл айларға ерекше құрметпен қараған дұрыс болады. Ережеп айында тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннатта сүттен  ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су  ішкізеді», – дейді. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса,  екіншісі – айдың жиырма жетінші түні – Миғраж сапарына дөп келеді. Рағайып түні - бұл түн рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Сол түннің құрметіне жылда осы түні Аллаға құлшылық, ғибадаттар жасалады.

Ислам дінінде қасиетті саналған келесі ай – Шағбан айы «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (ﷺ) Ережеп айынан кейінгі кезекте Шағбан айына өте көңіл бөлген. «Аллаһ тағалам, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла көр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын (Мүснәд, 1, 259).  «Кімде кім шағбан айының басында үш күн, ортасында үш күн және соңында үш күн ораза тұтса Алла тағала оған осы тұтқан оразасы үшін 70 пайғамбардың сауабын береді», - деген де хадис жеткен. Шағбан айының он бесінші түні қасиетті «Бәраат түні» болып табылады. Бұл түн-періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені,  Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші барма, кешірейін. Ризық сұраушы барма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған барма, шипасын берейін», - деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» дей келе, «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді» (Сүнән-и ибн Мәжә).

Келесі ай – шайтандар кісенделіп, тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылатын Рамазан айы Алла елшісі (ﷺ)«Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы», - деген. Рамазан айында ораза тұту парыз етілді. Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», - деген. Олай болса, осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ)  салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқу абзал. Сондай-ақ, осы айда садақаның санын арттыру қажет. Адамдардың өздері беретін садақадан бөлек, рамазан айында пітір садақасы уәжіп етілген. Құ­ран­да Алла: «Кім­де-кім ора­за айын­да бол­са, ора­за ұс­та­сын» деген («Бақар» сүресі, 185-аят). Ал, Әнас (р.а.): «Алла елшісінен (ﷺ) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», - деп сұрағанда, ол (ﷺ): «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза», деп, ал: «Қай садақа абзал?» деп сұрағанда, Алла елшісі (ﷺ): «Рамазан айында берілген садақа», - деп жауап берген» (Тирмизи). Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні бар. Бұл - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Абдулла ибн Аббастың (р.а.) жеткізуі бойынша Алла елшісі (ﷺ): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», - деген (Лаухул махфуз). Сондай-ақ, Алла елшісінің (ﷺ) мынада хадисі жеткен: «Сондай-ақ, бес түн бар. Алла тағала осы аталмыш түндерде өзі үшін мінәжат етілген дұғаларды шәк-шүбәсіз қабыл етеді: Ережептің алғашқы түні, Шағбанның 15-ші түні, Жұма түні, Ораза және Құрбан айттардың түндері».

Исламдағы мәртебелі келесі ай - Зул-хижжа айы. Алла Елшісі (ﷺ) бұл айдың алғашқы он күні жайлы былай деген: «Алла алдында зул-хижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ» (әл-Бұхари). Қасиетті Құрбан айт мерекесі осы он күндіктің ең соңғы күнінде тойланады. Яғни, Арафат күнінде Құрбан айтқа қараған түні ауыз бекітіп, нәпіл намазымыздың санын арттырып, Аллаға шын ықыласпен құрбандық шалу сауабы мол ізгі амал болмақ. «Фәжр» сүресінде Алла Тағала «Ағарған таңға, Құрбан айының алғашқы он кешіне, Әр жұп пен таққа, Өткен түнге серт» деген. Осыдан, он күннің түндеріндегі құлшылықтың маңызды екенін ұғуға болады. Алла Елшісі (ﷺ): «Алла Тағала Арафат күні азат қылғанындай пенделерін тозақтан көбірек азат қылатын күн жоқ. (Ол күн) Алла Тағала жақындайды, сосын періштелерге (көрдіңдер ме) пенделерім не істеп жатыр деп мақтанады», - деген (Муслим).  Арафат күні ауыз бекіткен жанның осы күнге дейінгі бір жылдық және осы күннен кейінгі бір жылдық күнәлары кешіріледі екен. Абу Катада Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізген: «Алла Тағала Арафат күні ұстаған оразаға өткен және келер жылдың күнәларын кешірілуіне сауап жазады» (Муслим).

Құран аяттарымен қасиетті деп саналған осы айларға құрмет көрсетіп, Аллаға құлшылық ету әрбір мұсылманға аманат. Алда келе жатқан Рамазан айына аман-есен жетіп, әрбір мұсылман ораза тұтып, Алланың рақымына бөленгей! Алла тілек-дұғаларымызды қабыл етіп, еліміз бай, халқымыз тыныш, барлық ұлт береке-бірлікте өмір сүруін нәсіп еткей!

ihsan.kz сайтының материалы бойынша

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: