Құран мен хадистерде баяндалған 15 қаржы мәселесі

Құран мен хадистерде баяндалған 15 қаржы мәселесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1. Өсімқорлық, пайыздық қарыздар

Жабир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Пайызға ақша алғанды, оны бергенді, мәмілені жазғанды және екі куәгерді, «олардың бәрі күнәда бірдей» деп лағынеттеген».

«Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәкарды жақсы көрмейді» (2:276)

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін келтіреді: «Миғраж түні (Тозақ мекендеушілерінен) маған іштері үйдің көлеміндей болған бір топ адамдарды көрсеткен. Олар (бұл іштер) жыландарға толы еді. Мен Жәбірейілден: «Бұл адамдар кімдер»? - деп сұрадым, «Бұл адамдар өсімқорлықпен айналысқандар», - деп жауап берген» (Ахмад, Ибн Мадж).

Абдулла ибн Ханджал (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Саналы түрде өсімқорлықпен алынған бір дирхам, 36 рет зина жасағаннан да жаман» (Ахмад, Даракутни).

2. Мұрагерлік пен өсиет

«Әке-шеше және жақындарыңның қалдырған нәрселерінің әрқайсысына мұрагер қылдық. Сондай-ақ сендермен серт байлағандарға да сыбағасын беріңдер. Алла (Т.) әр нәрсені бақылаушы» (4:33)

Ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер мұсылманның мұра етіп қалдыратын әлдебір мүлігі болса, оған өсиет қалдырмай екі түннен артық ие бола алмайды» (Бұхари, Мүслим), - деген сөзін жеткізген.

Әнас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Егер кімде-кім мұрагерді оның мұрасынан айырар болса, Қиямет Қайымда Алла оны Жұмақтағы мұрасынан айырады» (Ибн Мадж).

3. Рұқсат етілген жолмен өмір сүру керек

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Рұқсат етілген жолмен күнкөріп жүргендерге ешбір жанды қынжылтпайтындай бір уақыт келеді» (Бұхари), - деген сөзін жеткізген.

Жабир (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  былай айтқанын келтірген: «Тыйым салынған аспен қоректенген Дене Жұмаққа кірмейді. Денеде тыйым салынған астың арқасында жетілген Тән көбінше Тозаққа лайық» (Ахмад).

Әбу Саид (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адал және сенімге лайық саудагер Жұмақта пайғамбарлармен, тақуалармен әрі дін үшін азап шегушілермен бірге болады» (Дарими, Тирмизи), - деді деген.

4. Қарыздың дер кезінде қайтарылуы

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Аулақ жүретін үлкен күнәлардан соң, қарыз бола тұрып, оны қайтаруға мүлік қалдырмай қайтыс болып кеткен адамның күнәсі (тұрады)» (Дарими).

5. Қарыздар – борышқорға деген қайырымдылық

Әбу Катада (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер адам Қиямет Қайым қиыншылықтарынан Алла оны құтқарсын десе, ақшасы жетпей не болмаса қарызын толықтай қайтарар мүмкіндігі болмай жүрген борышқорына қарыз төлеу уақытын ұзартсын» (Мүслим), - дегенін айтқан.

6. Міскіндерге көмек

«(Мұхаммед Ғ.С.) Сондай дінді өтіріксінгенді көрдің бе? Міне сол жетімді қақпайлағанды, Міскінді тамақтандыруға қызықтырмайды» (107:1-3).

Сафуан ибн Салим (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жесір мен міскін адамға қамқор болса, онда Алла жолында соғысып жүрген жауынгерге және күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық ететін адамға тең болады» (Бұхари), - деген.

7. Байлықтың қорлануы

«Әй мүміндер! Ғалымдарымен машайыхтарының көбі, адамдардың малдарын бұзықтық арқылы жейді. Сондай-ақ Алланың жолынан тосады. (Мұхаммед Ғ.С.) сондай алтын, күмісті жиып, оны Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле» (9:34).

8. Міскіндерге берген садақа қабір азабын жеңілдетеді

Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Шындығында, (міскіндерге) деген қамқорлық Алланың қаһарын жібітіп, өлім азабын жеңілдетеді» (Тирмизи).

9. Ысырапшылдықтан аулақ болу

«Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап қылмаңдар. Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббыңа өте қарсы» (17:26-27).

Амр ибн Шуайб (р.а.) өз әкесінен, ал ол өз әкесінен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін келтірген: «Ішіп-жегенде, садақа бергенде және киім кигенде, қанағатсыздық пен тәкаппарлық сіздің жасап жүргендеріңізге араласпасын» (Ибн Мадж, Насаи).

10. Сараң болмау

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Әр күн көктен екі періште түседі, соның біреуі: «Уа, Алла! Сен үшін шығын шығарған адамға сый бер», - десе, екіншісі: «Уа, Алла! Сараңдардың бәрін құрт», - дейді екен (Бұхари).

Әбу Саид Худри (р.а.)жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмінде болмайтын екі әдет бар – бұл сараңдық пен жаман мінез-құлық» (Тирмизи), - деген.

Жабир (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын айтады: «Басқаларға әділетсіздік танытпаңдар, Қиямет күні ол өздеріңе түнек болып келер және сараңдықтан сақ болыңдар, ол сендерге дейінгілерді құртқан. Ол өлтірушілікке азғырып, қаражатты заңсыз түрде алуға итермелеген» (Мүслим).

11. Шығынданудағы ұстамдылық

«Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң болма да бір-ақ берме). Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың» (17:29)

«Олар мал сарып қылғанда, ысрап та қылмай, сараңдық та істемей, осы орталықта тұрады» (25:67).

12. Парақорлықтан аулақ болу

«Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» (2:188).

13. Барға қанағат ету

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөздерін жеткізеді: «Байлық мүлкіңнің көлемімен есептелмейді, барыңа қанағат етуіңде» (Бұхари, Мүслим).

14. Біреудің мүлкіне деген қызғаныш

«Екі адамға деген қызғаныштан басқа қызғаныш болмауы керек: Алла байлық беріп, ол оны дұрыс бағытта ұстағанға деген қызғаныш және Алла даналық (діни білім) берген адамға, ол тиісті түрде шешім қабылдап және басқаларды діни білімге үйретуіне деген қызғаныш» (Бұхари).

15. Өз ісін дұрыс жүргізу

Жабир (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Мейірбандық танытқан адамға ол сатқанда, сатып алғанда және бір нәрсені талап еткенде Алла оған рақымшылық етеді» (Тирмизи).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: