Бақыт соңыңнан қалмайды...

Бақыт соңыңнан қалмайды...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман екенімізді сезінудің өзі қандай керемет десеңізші! Өмір сүріп жатқан дүниені де Алла Тағаланың жаратқанын жете түсіну нендей ғажап! Әрбір мұсылмн баласы Қасиетті Құран мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірін өзімізге басшылыққа ала отырып, пешенемізге жазылған өмір жолымызды абыройлы түрде өтуге тырысамыз. Бұл жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33:21). Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл туралы былай дейді: «Мені тәрбиелеген Алла әрі Ол менің тәрбиемді көркем еткен».

Жақсы амалдар – мұсылманның негізгі капиталы болып табылады. Бұл баянсыз фәнидегі біздің мақсатымыз – ақиретте мол сауап пен мәңгілік бақытқа кенелу үшін барынша көп жақсы амалдар жасап үлгеру. Көп жақсы істер жасауға деген ынтызарлық – Алланың берген үлкен сыйы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жақсылық жасауға асығыңдар!» - деген.

Жақсы амалдар иман келтіргендерді ақиретте ғана мол сауапқа кенелтіп қоймайды, сондай-ақ, осы өмірде де қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынаста болуға, нәпсісін тәрбиелеуге, лайықты түрде өмір сүріп, өзіне және өзгелерге пайда келтіру арқылы жан тыныштығына қол жеткізуге жәрдемін тигізеді. Данышпан, дана адамдар: «Жақсы амалдар жаса, сонда бақыт соңыңнан қалмас» - деген.

Білместіктен жамандық жасайтын адамдардан үлгі алудың қажеті жоқ, керісінше, оларға үлгі бола біл, оларды игі амалдар жасауға үйрет! Оңай болмаса да ашуыңды ауыздықтап, сезімдеріңді бақылауда ұстауға тырыс. Кез-келген жағдайда оң шешім қабылда.

Жақсы амалдардың енді бір артықшылығы – күнәларды өшіруге көмектеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам әр күні өз денесімен, өз буындарымен жақсы амалдар жасауға тырыссын [бұл садақа]. Әділ төрелік ету – бұл да садақа; бауырының атқа мінуіне және оның жүгін атқа артып жіберуге көмектесу – бұл да садақа; намаз оқу жолында жасалған әрбір қадам – бұл да садақа; жүргіншілер жолындағы кедергіні алып тастау да садақа» - деп айтқан.

Күнделікті жұмысқа барып жүріп, өз ісімізбен айналысып жүріп, аяғымыздың астында жатқан сауапты байқамаймыз. Алла Тағала күннен күнге бізге көптеген сауаптар жинауға мүмкіндік береді. Қоғамдық көліктерде орын беру, тамақ ішер алдында «Бисмилләһ» деп айту, күлімсіреу... Тіпті науқастың қал-жағдайын білу деген қарапайым игі амал үшін мүмін мол сауапқа кенеледі.

Жақсы амалдар жасау үшін арнайы түрде бір жерге барудың қажеті шамалы, тек жан-жағыңа байыптап қарасаң болғаны!

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде былай айтылған: «Егер кімде-кім кешке жақын науқастың қалін білуге шықса, ол үшін таң атқанша кешірім сұрап, оның соңынан 70 мың періште еріп жүреді әрі оған Жұмақтан бақ болады. Ал егер кімде-кім таңертең шықса, ол үшін кеш батқанша кешірім сұрап, 70 мың періште ереіп жүреді әрі Оған Жұмақтан бақ болады».

Жақсы амалдар тек Алла разылығы үшін жасалғанда ғана мүмінге сауап жазылатынын естен шығармаған маңызды. Мысалы үшін, егер кімде-кім науқастың хәлін білуге кетіп бара жатып: «Қазір барып қалін білемін, содан кейін ол жазылғанда маған алғысын айтсын», - деп ойлау ниеттің шынайылығын көрсетпейді. Сондай-ақ, адамдар ол туралы қандай жақсы әрі қайырымды дос деп айтсын деген ниетпен науқасқа бару да адам пиғылының шынайылығын білдірмейді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: