Тәубенің өзі тақуалықтан шығады

Тәубенің өзі тақуалықтан шығады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде кеше  бейсенбілік ауызашар берілді.

Дастархан басында алғашқы сөзді мешіттің бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы бастап, тақуалық туралы сөз қозғап, тарихта орын алған мына бір оқиғаны баяндады:

«Бір күні мүминдердің әміршісі Һарун Рашид атқа мініп сарайынан шығып келе жатса, алдынан бір яһуди шығып: «Уа, әмірші! Құдайдан қорық. Менің мына қажетімді өте», - дейді. Сонда халифа атынан түсе салып, сәждеге жығылыпты. Сәждеден тұрған соң, «Сенің қажетіңді өтейміз», - дейді. Әлгі яһуди Һарун Рашиттен сәжде жасауының себебін сұрайды. Сонда мүминдердің әміршісі: «Құранда Алла тағала: «Оған «Алладан қорық», - деп атылса, оның тұла бойын тәкәппарлық басып, күнәға бой алдырады», - дейді. Мен сол тәкәппар адамдардың қатарында болып қалмауым үшін сәждеге жығылдым», - деген екен».

Сондай-ақ Тараз шаһарының бас имамы Қанат Әділханұлы тақуалықты ту еткен Һарун Рашид туралы жазылған «Мың бір түн» кітабының негізсіз екендігін жеткізді.

Уағызды «Айсұлу ана» мешітінің имамы Қуанышбеков Қанат «Тәубе» тақырыбында жалғастырды:

Адам баласы күнә жасамайтын періште емес, сонымен қатар жасаған қателігін сезінбейтін шайтан да емес. Өйткені, бізде нәпсі бар. Нәпсі болғандықтан, адам жақсы мен жаманды, күнә мен сауап амалды жасайды. Алайда жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрай білген адам жақсы адам болады. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:

كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ

«Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары – жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген (Ибн Мажа, зуһд 30). Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды.

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ күнәдан пәк болғанымен үнемі тәубе мен истиғфар жасайтын.

عَنِ الأغر بْنِ يَساَرٍ الْمُزَنِيِّ قال : قال رَسُولُ اللَّهِ : يَا أيها النَّاسُ تُوبُوا إِلَى اللَّهِ وَاسْتَغْفِروُهُ فَإني أَتُوبُ فِي الْيَوْمِ مِائَةَ مَرَّةٍ

Әғар ибн Ясар әл-Музәнниден риуаят бойынша Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Ей, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер, Одан жарылқау тілеңдер. Мен күнде жүз рет тәубе етемін» (Муслим, Зикр, 42).

Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Яғни адамға жасаған күнәсі үшін кешірім сұрау мүмкіндігі берілген. Пенде қандай күнә жасамасын, үмітсіздікке салынбауы керек. Алланың рахымы шексіз. Құранда Зумар сүресінің 53-аятында Алла Тағала:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«(Ей, Мұхаммед с.ғ.с.) айт: Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсін кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді». Жаратушы Алла пендесіне аса мейірімді. Пендесінің ақыретте күнәмен келуін қаламайды, тәубе етіп, күнәсіз келуін қалайды. Пендесін тозаққа тастай салатындай мейірімсіз емес. Пенде жасаған күнәсі үшін өкініп, шынайы түрде тәубе етсе, тәубесі сөзсіз қабыл болады. Өйткені Алла тәубені қабыл етуші.Бұл жайында Алла Тағала құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحاً

«Ей, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер!».

Шынайы тәубе етудің арнайы бір уақыты жоқ. Кезкелген сәтте тәубе ете аламыз. Бірақ екі жағдайда кеш қалатын боламыз: жан алқымға келгенде, күн батыстан шыққанда.

عَنْ أبي هُرَيْرَةَ قال: قال رَسُولُ اللَّهِ : مَنْ تَابَ قَبْل َأن تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِنْ مَغْرِبِهَا تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Кімде кім күн батыстан шықпайынша тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді» (Муслим, Зикр 43).

Алла біздің тәубемізге мұқтаж емес. Алайда пендесіне аса мейірімді. Олай болса, мейірімі шексіз Алланың рахымынан үміт етіп, күнәларымыз үшін шынайы тәубе етейік.

 

«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: