Имамдар діни рәсімдерді бірізділікке түсіруге қатысты бірқатар шешімдерді қабылдады

Имамдар діни рәсімдерді бірізділікке түсіруге қатысты бірқатар шешімдерді қабылдады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі «Һибатулла Тарази» мешітінде қала және аудан бас имамдарының қатысуымен жылдың алғашқы жиналысын өткізді. Жиналыстың негізгі тақырыбы қазіргі таңда өзекті болып саналатын діни рәсімдерді бірізділікке түсіру төңірегінде өрбіді. Қазіргі уақытта діни рәсімдер, әсіресе дүниеден қайтқан марқұмдардың жетісі, қырқы, жылдық асы, жерлеу төңірегіндегі жоралғылар, құран, дұға бағыштау  секілді рәсімдер әр аймақта әр түрлі атқарылып жатқаны бәрімізге белгілі. Соның салдарынан жұрт арасында түсініспестік жағдайлар туындап жатады. Жиналыста осы түйіткілді мәселелерге байланысты әр аудан имамдарына жеке-жеке сөз беріліп, ұсыныстары тыңдалды.

Өкіл имам Данияр Әлимұхаммедұлы «Біз діни рәсімге қатысты бірізділікті еліміздің барлық өңірі қабылдауы мүмкін еместігін білеміз, өйткені әр аймақтың қалыптасқан өз дәстүрі, өз жүйесі бар. Біз өз облысымыздағы діни рәсімдерді реттесек, соның өзі үлкен жетістік. Осында бас қосуымыздың да себебі сол – өңіріміздегі әр келкі атқарылып, соңы кейде дауға ұласып жатқан діни жоралғыларды толықтай реттеу, бір жолға қою. Мәселен, тұрғындар тарапынан марқұмның жетісі, қырқы, жылдық асы қай уақытта атқарылады, дүние салған күннен бастап па, әлде жамбасы жерге тигеннен бастап па?» деген сауалдар жиі қойылып жатады. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды ескере келе, мәйіттің жамбасы жерге тигеннен бастап саналады дегенге тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Қырқы, жылдық асын марқұмның жақындары өз жағдайларына қарай мерзіміне жеткізбей не асырып өткізе беруіне болады» деп атап өтті.

Жиналыста басқа да рәсімдерге байланысты имамдардың барлық ұсыныстары тыңдалып,  бірауыздан мынадай нақты шешімдерді қабылданды: Ендігі жерде мәйіт жерленбей тұрып Құран бағышталмайды, жердің басында ақша, шапан таратылмайды, қонақасы берілмейді, ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол берілмейді, жаназаны сол қаланың не ауылдың арнайы тағайындалған мешіт имамы шығарады, мәйіт мүмкіндігінше кешіктірілмей жерленуі тиіс, мәйітке мейрам суы беріледі (жан шыққаннан кейін мәйітке іш дәрет алдыру), кебін пішу барлық өңірде бір үлгіде атқарылады»

 Сондай-ақ жиналыста қала және аудан имамдарына әр мешітте ішкі тәртіп ережесін міндетті түрде ілу, бесін және ақшам уағыздарының күнделікті айтылып отыруы, жылдық жоспардың аясында жұмыс атқару секілді біқатар мәселелер талқыланды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: