Неліктен Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлын иен шөлге қалдырып кеткен?

Неліктен Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлын иен шөлге қалдырып кеткен?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Ибраһим пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) көп қой, ешкі және басқа да көптеген нығметтерді нәсіп еткен. Ол Алла Тағалаға мынадай сөздермен жалбарынады: «Йа, Раббым! Сен маған бұл дүние мен ақиреттің көптеген нығметтерін нәсіп еттің.

Енді маған менен кейін халықты дінге үндейтін бір ұл бер. Нығметің толық болсын». Сара да мұны қатты қалайды, сондықтан Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өз күңі Хажарды сыйлайды. Хажар – теңдесі жоқ сұлу әрі жас қыз болады. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) мен Хажар некелерін қиған соң, Хажар Исмаилға аяғы ауыр болады. Осы сәтте Алла досының қасиетті нұры Хажарға беріледі. Айы-күні жетіп дүниеге көркем ұл - Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келеді. Осылайша, біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұры Исмаилға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) беріледі.  

Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлы Исмаилды қатты жақсы көргендігі сондай, ол оны ешқашан құшағынан шығармайтын.

Оның ұлына деген сүйіспеншілігінің артқаны сондай, Сараның жүрегінде бұл балаға деген қызғаныш оянады, өйткені ол пайғамбарлық нұры оған беріле ме деп үміттенген болатын. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үнемі Сараға қамқор болып жүретін, оны ренжітпеуге тырысатын. Ол Алла Тағаладан әйеліне лайықты түрде құрметпен қарап, оның тілектерін орындау турасында уахи алады. Күндердің күнінде Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Сарадан не қалайтынын сұрайды, сонда Сара оған: «Хажар мен ұлыңды иен шөл далаға апарып, ештеме айтпастан тастап, қайтадан қайтып келуіңді қалаймын», - деп жауап береді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) біраз күте тұруға бел буады. Сонда оған Жәбірейіл келіп: «Сараның тілегін орында», - деп бұйырады. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тағы да біраз күте тұрады. Жәбірейіл Жұмақтан буракты жеткізеді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оның үстіне мініп алады. Хажар мен ұлын алдына отырғызады да Жәбірейілдің соңынан еріп, жолға шығады.   Шөл даладан өтіп, олар қазір Қасиетті Мекке орналасқан жерге жетеді.  

Жәбірейіл оларды сол жерге қалдырып кетеді. Кетіп бара жатып былай айтады: «Алла Тағала сендерді осы жерге әкелуімді бұйырды». Сол уақытта бұл жер тасты болатын, ағаш, өсімдік атаулы өспеген, су да, құнарлы топырақ та болмаған. Кезінде осы жерге Жәбірейіл Адамға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Бейт әл-Мамурды жеткізген болатын. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын)  Хажар мен ұлына біраз су мен құрма қалдырып, оларды тастап кетеді. Хажар оның артынан зарлап жүгіре жөнеледі, бірақ ол Сараның қойған шарты бойынша, оған тіл қатпай кете барады. Хажар Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған көңіл аудармай, тіл қатпайтынына көзі жеткенде былай сұрайды: «Сені Өзінің досы деп санайтын Алла үшін жауап берші, бізді бұл жерде Алланың бұйрығы бойынша қалдырып барасың ба?» Сонда Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Иә», - деп жауап береді. Хажар үндемей қалады, сосын: «Жаратушымыз бізді бақытсыздыққа ұшыратпайды», - дейді. Ол қолдарын көкке көтеріп, Аллаға жалынып, дұға жасай бастады. Осынау елсіз шөл далада анасына қарап Исмаил жылайды, ал ұлына қарап анасы жылайды.

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: