Сүннет ұстанушылардың жалпы діни ережелері

Сүннет ұстанушылардың жалпы діни ережелері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали, ол кісіге Алланың рақымы болсын, "Кимья-и са'адат" кітабында былай деп жазған: "Ең алдымен, мұсылман Бір құдайлықтың негізін біліп, соған иман келтіруі керек – Лә иләһа иллә-л-Ләһ, Мұхаммаду-р-расулю-л-Ләһ – Алладан басқа құдай жоқ әрі Мұхаммед Оның Елшісі.

Алла Тағаланың жалғыздығына сену "Ат-Таухид" (ар. «жалғыз ету», «ерекшелігін бекіту») деп аталады. Мұсылманға күмән келтірмей, Бір құдайлықтың негізіне иман келтіру жеткілікті. Оған дәлелдер іздеудің қажеті жоқ. Адамзаттың  ардақтысы Мұхаммед, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, тайпаластары Ислам дінін қабылдағанда дәлелдер келтіруге міндеттемеген. Ол тек еш күмәнсіз Алланың жалғыздығына сенуге үндеген. Сондықтан мұсылмандарға осылай сенудің өзі жеткілікті. Дегенмен, әр қалада бірнеше ғалымдардың болғаны жөн, олар күмәнді сейілтіп, діннің, иманның негізі туралы білім беріп, қажет болғанда дәлелдер келтіріп, реформаторлар, діннен тайғандар мен көп құдайға табынатындардың орынсыз шабуылдарына төтеп беріп отырар еді.

Құдайдың бірлігі мен  жалғыздығы туралы Қасиетті Құранда да көрсетілген. Бұл ілімдерді Пайғамбарымыз, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, өзінің сахабаларына түсініктеме, түсіндірме ретінде жеткізіп отырған. Ал сахабалар бұл түсініктемелерді оқып-біліп, Исламның келесі ғалымдар ұрпағы – табиғиндарға жеткізген.

Осы негізде кітап жазып, оны еш өзгеріссіз біздің күнімізге дейін жеткізген әрі осы ілімді ұстанатындар – "Әһлі әс-Сүннә уә-л-жамағат" (Сүннет пен Татулықтың адамдары) деп аталады. Сүнетті ұстанушылар Бір құдайлықтың мағынасын келесідей түсіндіреді:

Әуелде адамдар болмаған. Олар жаратылған. Олардың Жаратушысы бар. Барлық болмысты осы Жаратушы жаратқан. Барлық болмыстың Жаратушысы – Жалғыз! Оның серігі де, Оған ұқсасы да жоқ. Ол - Жалғыз! Екіншісі жоқ, болмаған, болмайды да. Жаратушы әрдайым болған. Ол мәңгілік. Оның бар болуының басы да, соңы да жоқ. Ол ештемеге мұқтаж емес. Барлық жаратылғандар Оған мұқтаж. Ол материя да, дене де емес. Ол Өлшеусіз. Оның мекені — Белгісіз. «Ол қандай?», - деген сұраққа жауап жоқ.  Осы сәтте көзімізге елестеткен — Ол емес. Ол біздің қиялымыздағы қол жетімді нәрсеге ұқсас емес. Біздің қиялымызға қол жетімді дүниенің бәрін Ол жаратқан. Оның жаратқандарының бәрі Аршының астында. Аршы Оның күшімен, Оның құдіретімен жаралған. Ол Аршының үстінде, бірақ бұл Оны Аршы көтеріп тұр дегенді білдірмейді. Аршының бар болуы Оның қалауы мен құдіретіне байланысты. Аршының жаралғанына дейінгі мәңгілік өткен шақта болғанындай, мәңгілік келешекте де Ол болады. 

Алла Тағаланың сипаты мен болмысы қайталанбас, әуелден келе жатқан әрі мәңгілік. Ол Өзінің жаратқандарына тән барлық кемшілік атаулыдан ада. Оның 14 (он төрт) сипаты бар.

Алты сипаты Оның болмысының көрінісі – Сыфат-и Затиййа.

Сегіз сипаты — дәлелдерінің көрінісі – Сыфат-и Субутиййа.

 Сыфат-и затиййа:

1. Ууджуд – Оның бар болуының қажеттілігі.

2. Қыдам – Әуелгілік. Оның бар болуының басы болмаған.

3. Бакаа – Мәңгілік. Алла Тағаланың бар болуының соңы жоқ.

4. Уахданиййа – Жалғыздық. Оның сипаттары мен болмысына ұқсас жоқ.

5. Мухалефатун лил-хауаадис – Теңдессіз. Оның сипаттары мен болмысы, Оның жаратқандарының сипаттары мен болмысына ұқсас емес. .

6. Кыямун би-нафсихи – Тұрақтылық. Оның бар болуы Оның жаратылғандарына байланысты емес. Ол ештеме болмағанда болған әрі мәңгі бола береді.

Сифати субутийа:

1. Хайат – Өмір. Ол тірі, бірақ Оның өмірі Оның жаратқандарының өмірімен салыстырылмайды.

2.  Ильм – Ілім. Оның ілімінің ұшы-қиыры жоқ әрі Оның жаратқандарының білімімен салыстырылмайды.

3. Сами' – Есту. Алла Тағала естиді, бірақ Оның жаратқандары сияқты емес. Әлдебір есту ағзасы немесе құрылғыны қажет етпей-ақ естиді.

4. Басар – Көру. Өзімізге елестете алмайтын құрылғысыз, ешбір ағзасыз бәрін көреді.

 5. Ирадат – Қалау. Барлық болмыс Алла Тағаланың қалауына бағынышты. Алла Тағаланың қалауына төтеп берер басқа анағұрлым күштірек қалау жоқ. .

6. Кудрат – Құдірет. Алланың шексіз Құдіретіне ештеме де төтеп бере алмайды.

7. Калам – Сөз. Әлемдерді Жаратушы Сөйлей алады. Бірақ Ол біз көзімізге елестете алатын тәсілдермен емес.

8. Такуин – Жарату Қасиеті. Бұл қасиет тек Оған тән. Бәрін Ол Жаратты. Оның бұл қасиеті шектеусіз. Оған «Бол», - деп айту жеткілікті, Оның қалағанының бәрі бола қалады. 

Біз, Сүннетті ұстанушылар, Алла Тағаланың осы қасиеттеріне тең келер ешкімнің әрі ештеменің жоқ екендігіне сенеміз. Оның бұл қасиеттері өзгермейді әрі мәңгілік. 

Осы өмірде біз Оның бар екені туралы білеміз, бірақ Оның Бейнесін елестете алмаймыз. Бұл бізге қолжетімді емес. Қайта тірілген - Қиямет күні біз Оны көреміз. Бірақ ақыл жетпейтін түрде көреміз. Алла Тағала (Ұлы әрі Даңқты), адамдардың ішінен Пайғамбарларды таңдай отырып, солар арқылы Өз құлдарына білім берген.

"Осы жолды ұстаныңдар, сонда құтыласыңдар", - деген Алла Тағала. 

Соңғы пайғамбарлық миссияны Алла Тағала Өз Елшілерінің ең ұлысы – Пайғамбарымыз Мұхаммедке, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, жүктеген. Өзінің соңғы Қасиетті Кітабы — Құранда – Алла Тағала осымен Пайғамбарларды сайлауды аяқтайтынын айтқан. Осымен Кітаптардың да түсірілмейтінін, Пайғамбарлардың да келмейтінін жеткізген. Және де соңғы Пайғамбар Мұхаммед, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, Әлемнің барлық ұлтына, халқына, тайпасына жіберілген. Барлық континенттегі иман келтіргендерге, иман келтірмегендерге, күмәнданушыларға және Қиямет күніне дейін келетін келесі ұрпақ өкілдеріне жіберілген.

Жер бетінің қай бұрышында тұратын адамдардың бәріне адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, сара жолын ұстану - Алла Тағаланың ұйғарымы.

Әбу Асад әл-Ханафи «Сүннет пен татулық адамдары – кімдер олар»

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: