«Сонда сені қорғаушы періштелер жақсы көріп, өмірің ұзарады…»

«Сонда сені қорғаушы періштелер жақсы көріп, өмірің ұзарады…»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай айтқан: «Асылында, дін — бұл нұсқау». Мұсылман адам өзі разы болып, басқа мұсылмандарға бағыт көрсетуі әрі оларды қызғанбауы  қажет.

Ақиқатында, Әбу Хурайра, ол кісіге Алла разы болсын, Пайғамбарымыздан, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, бір мұсылманның енді бір мұсылманға қатысты міндеттерін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Шындығында, әрбір мұсылман басқа бір мұсылманнан алты нәрсені күтуі керек», -деп жауап берген. «Қандай нәрселерді, уа, Алла Елшісі?», - деп сұрағандарға, ол былай деп айтқан: «Оны көргенде - амандас; егер ол сені шақырса — оның шақыруын қабыл ал; егер сенен ақыл сұраса — дұрыс ақыл бер; егер ол түшкіріп, Алланы дәріптесе — оған саулық тіле; егер ол ауырып қалса — оның көңілін сұра; егер ол қайтыс болса — оны соңғы сапарға шығарып сал».

Факих өз иснадымен Әбу Мұхаммед ас-Сакафидің былай айтқанын келтірген: «Анас бин Мәликтің, ол кісіге Алла разы болсын, мынаны айтқанын естідім: «Сегіз жаста болғанда, Пайғамбарымызға, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, қызмет еттім. Ол бірінші кезекте мені келесі нәрсеге үйретті. Алла Елшісі, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын: «Әй, Анас, намаз оқуға дәрет ал. Сонда сені қорғаушы періштелер жақсы көріп әрі сенің өмірің ұзарады. Әй, Анас, жүніп болғанда, ғұсыл ал, оны дұрыстап ал, өйткені әрбір шашта жүніп бар». «Уа, Алла Елшісі, жақсы ғұсыл қалай алынады?», - деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай жауап берді:

«Суды шаштарыңның түбіне дейін жеткіз, денеңді тазарт. Ғұсыл алып болғанда, ақиқатында, Алла Тағала сенің күнәларыңды кешіреді. Балам, үнемі екі ракағат «Духа» намазын оқып жүр, өйткені ол тәубеге келгендердің намазы. Күндіз-түні көп намаз оқы, өйткені сен намаз оқығанда періштелер саған игілік айтып тұрады. Әй, Анас, намаз оқуға тұрғанда, жаныңды Аллаға тапсыр. Рүкүғке барғанда алақаныңды тізелеріңе қойып, саусақтарыңның арасын аш. Рүкүғтен тұрғанда әрбір дене мүшелеріңді бастапқы өз қалпына келтір. Сәждеге барғанда, сенің бетің жерге тисін, бірақ қарға сияқты шұқынба, түлкі сияқты білегіңді жерге тигізбе. Сәждеден тұрғанда ит сияқты отырма. Сенің аяқтарың жерге тисін, асылында, Алла рүкүғ пен сәжде лайықты түрде орындалмаған намазға қарамайды.

Егер күндіз де, түнде де дәретпен жүрсең, саған өлім жеткенде, сен дәретті боласың әрі саған шәһәдатты айту қиынға соқпайды. Әй, Анас, егер үйіңе кірсең, онда үй мекендеушілеріне сәлем бер. Сонда сенің және үйіңнің берекесі артады. 

Егер бір қажеттілікпен үйіңнен шықсаң, үй-ішіңдегілерге қарама, егер қарап қойсаң, онда сәлемдес, сонда сенің жүрегіңе иман тәттілігі орнайды. 

Егер барған жеріңде күнә жасап қойып, содан кейін тәубеңе келсең, сен кешірілесің. Әй, Анас, сөзсіз, әлдебір мұсылманға деген жүрегіңдегі ашумен ұйқыға кетпе әрі таңыңды атырма, өйткені бұл менің сүннетім болып табылады. Кімде-кім мені жақсы көрсе, Жұмақта менімен болады. Әй, Анас, егер сен менің айтқандарыма сүйеніп, амал етер болсаң, менің өсиетімді сақтап жүрсең, онда саған өлімнен артық сүйікті нәрсе болмайды, өйткені өлім ләззәт болып табылады».

"Танбихул ғафилин" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: