Миғраж түніндегі уахи құпиялары

Миғраж түніндегі уахи құпиялары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әли хазірет, ол кісіге Алла разы болсын, Пайғамбарымыздың, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай айтқанын келтірген: - Миғраж түнінде ол Алла Тағаладан:

«Уа, Жаратушым! Сенің алдыңда қай амал ең беделді?», - деп сұраған.

Сонда Алла Тағала:

«Әй, Ахмед! Менің алдымда тәуекелден артық беделді амал жоқ, яғни Аллаға сеніп, Оның қолдауына үміт етіп, әрекет ету. Менің жазмышыма бой ұсынғаннан артық ештеме жоқ. Әй, Ахмед! Бір-бірлерін Мен үшін сүйгендерге және адамдарға Маған жақындауға көмектесетіндерге Менің сүйіспеншілігім уәжіп болып табылады, шүбәсіз, Мен оларды сүйетін боламын.  Менің нағыз қалаулыларым, шынымын де Мені іздейтіндер — олар осы баянсыз дүниеге, жаратылғандарға алданбайтындар, бұл дүние қызығын қаламайтындар. Олар Мені есіне алу арқылы рухани азықтанады. Менің сүйіспеншілігім де, рақымым да солармен.

Әй, Ахмед! Егер басқаларға қарағанда көнбіс болып, Маған күштірек құлшылық етіп, ынтамен қызмет еткің келсе, онда бұл дүниемен байланысыңды үз де ақиретке мықтап жабыс».

Алла Елшісі, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай сұраған:

- Аллам менің! Бұл дүниеде тақуа болу деген не? Мәңгілік дүниені қалай қалауға болады?

- Фәни дүние мүлігін жима. Үнемі Мені есіңе ал.

- Уа, Аллам! Үнемі зікірде қалай боламын?

- Адамдардан оңашаланып, Маған жалғыздықта құлшылық ет.

- Йа, Раббым! Маған Өзіңе жақындауыма көмектесетін бір амалды айтшы.

- Түндеріңді құлшылықпен, күндеріңді ораза ұстаумен өткіз. Әй, Ахмед! Кімнің үш әдеті болса, соны Мен Жұмаққа кіргіземін.

- Йа, Раббым! Олар қандай әдеттер?

1. Сөздеріңді Менен басқа ешкімге қор қылма.

2. Жаныңды шайтанның азғыруынан сақта.

3.Ашығуды – жаныңның медеті ет.

Әй, Ахмед! Егер сен ашығудың, жалғыздықтың және үнсіздіктің дәмін татсаң, осылардан кейін қандай мұра қалатынын білсең, онда сен толықтай кемеліңе жетер едің.  

- Уа, Аллам! Қандай мұра қалады?

- Сенің аузыңнан шыққан ақылды сөздер мен сенің жүрегіңдегі Менің сүйіспеншілігім. Әй, Ахмед! Алланы сүю — дәуріштерді сүйіп, соларға жақын болу.

- Аллам менің! Дәуріштер деген кім?

Дәуріштер — азға қанағат ететін, аштыққа шыдамды, мейірбандыққа разы, өтірік айтпайтын, Алла Тағалаға бойұсынғыш, жоғалтқандарына қапаланбайтын және әрдайым Маған сенім артатын адамдар.

Әй, Ахмед! Дәуріштерге жақын болып, байлардан аулақ бол. Дәмді тамақ жемей, сәнді киім киме. Нәпсі — барлық зұлымдық атаулының орын тепкен жері. Сен оны бойұсынуға тартасың, ал ол сені жамандыққа итермелейді. Тойған нәпсі бағынбай кетеді. Ал егер аш қалса наразылық танытады. Кедей нәпсі айғайлайды, ал егер байып кетсе, бұзылып, Мені ұмытып кетеді. Егер қорғанышта болса, бейқам күйге енеді. Әй, Ахмед! Осы дүниеге және осы дүниеге байланғандарға ашулан. Ақирет әлеміне және оны мекендеушілерге сүйіспеншілік таныт.

- Уа, Алла! Бұл дүние мен мәңгілік дүние мекендеушілерінің айырмашылығы неде?

 - Бұл дүние адамы (әһлі-дүние) — байлығы көп, көптеген отбасы бар, көп ұйықтап, жиі ашуланатын адам. Ол ешқашан азға разы болмайды. Егер біреуге залал келтірсе, кешірім сұрамайды. Егер одан біреу кешірім сұраса, ешқашан кешірмейді.

Құлшылық уақыты келгенде, оның әлі болмайды. Ал басқа жаман істердің бәрінде одан асқан батыр жоқ. Ажалы жақын болса да, ол неше жылдық жоспарлар құрғыш. Мұндай адам өз нәпсісінен есеп алмайды. Рахатқа кенелсе, ризашылық  танытпайды, ал басына қайғы түссе, сабырлық танытпайды. Ол халықты жамандыққа үйретіп, үлкендерді сыйламайды. Ол өзінен кішілерді менсінбейді. Надандардың арасында ол ақылды, ал ақылдылардың арасында барып тұрған надан, оқымаған болып көрінеді.

Әй, Ахмед! Ақиреттің адамдары — жүздері жылы әрі кішіпейіл, жақсылық жасап, адамдарға пайдасын тигізетіндер, аз сөйлеп, өз нәпсісін тежей алатындар.  Олар әрқашан да сергек. Маған деген сүйіспеншіліктен олардың көзінде үнемі жас болады, ал ауыздарында — үнемі Менің есімім жүреді. Бір игілікке қол жеткізсе, алдымен, олар Мені дәріптеп, сосын разылық танытады. 

Олардың құлшылықтары Маған құнды, ал дұғаларын қабыл етемін. Оларды Менен басқа ешкім де қызықтырмайды. Олар тойып тамақ жеу мен сәнді киім киюге әдеттенбеген. Олардың киімдрі кебінге ұқсас. Олар қисынсыз тілектерін бетімен қоя бермейді. Бұл дүние мен ақирет оларға бірдей.

Адам бір-ақ рет өледі, бірақ олар нәпсілерін бірнеше рет өлтіреді, шайтанға бағынбай, күніне мың рет өледі. Намазда тұрғанда алынбас қамалдай, зейіндері тек Менде болады. Өзімнің ұлылығыммен ант етемін, Мен оларға мәңгілік өмір сыйлаймын.

Олардың жаны тәнінен ажырағанда, Мен оларға ажал періштелерін шабуылдатпаймын. Олардың жанын Менен басқа ешкім де алмайды. Жарқын түрде Мен оларды қарсы алып, Жұмаққа кіруге шақырамын. Оларды хор қыздары қарсы алады. Жасөспірімдер мен  сәбилер оларға қызмет етуге дайын болады. Ұлы Аршыдан Мен оларға гүлденген алаңдарды беремін, олар мен Менің арамдағы барлық перделерді алып тастаймын.

«Оларды Раббылары өзінің мәрхаметімен және ризалығымен сондай-ақ тұрақты нығметке ие жаннаттарымен қуантады. Олар онда мәңгі қалушылар. Расында Алланың қасында ірі сыйлық бар» (9:21-22).

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: