Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пұттарды қалай қиратқан?

Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пұттарды қалай қиратқан?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) әрқашан пұттарды балағаттап, адамдарды шынайы дінге үндеп жүрген. Халық Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үстінен оның өгей әкесі Азарға наразылық білдіреді, ал Азар болса оған ұрыспақшы болады. Сонда Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) былай айтады: «Егер сендер менің дәлел келтіргенімді қаласаңдар, мен сендерге дәлелді келтіріп қойғанмын. Маған тура жолды көрсеткен Алла Тағала мені сендерден алыстатты. Мен сендерді де, сендердің пұттарыңды да жақсы көрмеймін».

Алла Тағаладан мынадай бұйрық келеді: «Уа, Ибраһим! Адамдарға Менің жалғыз екендігімді әрі Менің дінімді түсіндір. Кәріні де, жасты да - барлығын иманға үнде!». Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өзінің пайғамбарлығы жайлы және адамдарды Алланың дініне үндеу үшін халықтың бірге жиналатын кезін күтеді. Оның заманында адамдар жылына бір рет үлкен мейрамда ғана жиылатын болған. Сол күн де келіп жетті, Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тілегі орындалды. Халықтық салт бойынша, мейрам күні адамдарға әртүрлі тағамдар таратылатын болған, ал адамдар оларға береке болады деп үміттенетін. Адамдар өздерінің ең жақсы деген киімдерін киетін, осы киімдерімен пұттардың алдына шығатын болғандықтан, бұл киімдері қасиетті деп саналатын.

Мұндай дәстүр жыл сайын қайталанып тұратын. Бұл мейрамға науқас жандардың қатыспайтыны Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) белгілі болатын. Мейрам болатын күні ол науқастанып қалады. Адамдар қаладан шығып, мейрам болатын жерге қарай беттейді. Азарға пұттар қойылған бөлмелерді  күзету тапсырылған болатын. Бірақ ол кілттерді өзінің өгей ұлы Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) берген, өйткені ол науқас болғандықтан мейрамға бармай қалған еді. Қалада Ибраһимнен (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) басқа ешбір тірі жан қалмайды. Ол пұттар тұрған бөлмеге кіргенде, олардың алдында әртүрлі тағамдардың тұрғанын көреді. 

Ол пұттарға қалжыңдап: «Неге жемейсіңдер?», - деп сұрайды да жауап күтпестен оларға айғай салады: «Сендерге не болған? Неге жауап бермейсіңдер?» Сосын қолына балтаны алып, бәрін қирата бастайды. Сол жерде жетпіс үш пұт болған. Тек солардың ішіндегі ең үлкен пұтты ғана сындырмай қалдырып, оның мойнына балтаны іліп қояды да есікті жауып, кетіп қалады.

Ең басты пұт алтыннан жасалып, алтын тақта отырған болатын. Оның үстінде сырылып тігілген киім, ал басында тәж болған. Көздерінің орнында түнде жарқырап тұратын  лағыл тас орнатылған еді. Ал оның қасындағы пұттар күмістен, жезден, мыстан және ағаштан жасалған. Отыз алты пұт оң жақта, отыз алты пұт сол жақта тұрған. Мейрамнан қайтқан халық быт-шыт болып жатқан пұттарды көреді. Бәрі шуылдап: «Мұны жасаған кім? Біздің пұттарымызды қиратқан кім?», - дейді. 

Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) алдында да пұттарды балағаттап жүретінін әрі тек соның ғана мейрамға бармай қалғанын білетін халық пұттарды сындырған сол деп шешіп, бұл туралы Намрудқа мәлімдейді.

Патша: «Оны маған алып келіңдер!», - деп бұйырады. Сол кездегі әдет бойынша, Намрудтың алдына келген адам жерге дейін иіліп, тағзым етуі керек болатын. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келеді, алайда тағзым етпейді.  Намруд: «Неге сен маған тағзым етпейсің?», - деп ашуланады.  «Өзімнің Жаратушымнан басқа ешкімге де сәжде жасамаймын», - деп жауап береді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Ал кім сенің Жаратушың?» - деп сұрайды әмірші. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған: «Менің Жаратушым — тірілтеді де жансыздандырады», - дейді. Намруд: «Мен де тірілтемін әрі жансыздандырамын да», - деп айтады. Содан кейін зынданнан екі тұтқынды алып келуді бұйырады. Біреуін босатып, екіншісін өлтіруге бұйырады. Адамға өмір сыйлап, адамның жанын алғандай болады. Алайда иман келтірмеген тірілту деген біреуді тірі қалдыру емес, өліге өмір сыйлау екенін білмейтін еді.

Жансыздандыру — сырттан әсер етпей жанды алу дегенді білдіреді, адамды дарға асу немесе басын шабу арқылы өлтіру емес. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оларға Алланың бар екенін түсіндіргісі келген, ал бұл ақылсыздардың оны түсінуге шамалары жетпеуші еді. Сонда ол анық дәлел келтіреді: «Алла күнді шығыстан шығуға бұйырған. Егер сенің әлің жетсе, оны батыстан шығатын жасашы». Намруд не істерін білмей, сасып қалады. Бұл жөнінде Алла Тағала уахиде былай айтқан: «Сенің дұрыстығың, Намрудтың шарасыздығы дәлелденуі үшін, Менің күштілігім көрінуі үшін, Өзімнің құдіреттілігіммен ант етемін, күн батыстан шықпайынша ақыр заман болмайды». Бір риуаятта Алла Жәбірейілді (оған Алланың сәлемі болсын) мына бір сөздермен жібергендігі келтірілген: «Егер Намруд сенің Жаратушың күнді батыстан шығарсын деп айтса, Мен сол сәтте-ақ жасаймын».

Кейін Намруд сұрайды: «Әй, Ибраһим, біздің құдайларымызды күйреткен кім?», - деп. Сонда Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Мүмкін оны жасаған солардың үлкені — мынау шығар. Қаласаңдар, олардан өздерің сұрап алыңдар». «Олардың сөйлемейтінін, қозғалмайтынын сен білесің ғой», - дейді Намруд. «Онда олар қайдағы құдайлар, егер олардан пайда да, зиян да болмаса, тіпті сөйлей де алмайтын болса? Оларға құлшылық ету сана мен қисынға қайшы келеді», - деп жауап береді пайғамбар. 

Пұтқа табынушылар не айтарларын білмей, бастары салбырап кетеді. Алайда дінсіздіктерінен тапжылмай,  өздерінің пұттары үшін кек алмақ болып, Ибраһимді (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) азаптамақ болады. Намруд оны қамауға бұйырып, сосын халықты жиып, осы жөнінде ақылдаспақ болады. Ақыр аяғында Ибраһим пайғамбарды (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өртемекші болып шешеді. Бірінші болып мұндай ойды Хезеян есімді бір зұлым айтқан екен.  Алла Тағала оны Тозақ отына тастаған.

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: