Салауат айтып, Пайғамбарымызды таныды

Салауат айтып, Пайғамбарымызды таныды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл мұсылман халқының он сегіз мың ғалам иесі – Алла тағала, оның елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстаффа салаллаһу ғалейкум уәссаламға ризашылық сүйіспеншілігі шексіз. Пайғамбарымыздың ғұрыптары, имандылық негіздері өмірімізге бағыт-бағдар беретін ұстаным екенін ешкім жоққа шығара алмас. Өйткені, ислам діні – мұсылман халқының негізі.

Мәуліт – мұсылмандар үшін үлкен мереке. Бұл ай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуімен ерекшеленеді. Мәуліт мерекесін тойлаудағы басты мақсатымыз – Пайғамбарымызды тану.

Бұл күндері бүкіл дүниежүзінің мұсылмандары оның дүниеге келгеніне қуанып, тойлап жатыр.

Осындай мәнді де мағыналы той аудан аумағында да аталып өтілуде. Соның бірі аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбековтің ұйымдастыруымен аудандық «Жастар ресурстық орталығында» өткен мереке еді.

Зал халыққа лық толды. Бәрі де Мәуліт айында исламның құндылықтарын насихаттау, уағыз айту және мұқтаж жандарға көмектесу адами әрі мұсылмандық парыз екенін жақсы түсінеді. Сондықтан болар, той беташарын республикамызға танымал айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов арнау өлеңімен өрнектеген. Іле сахнаға көтерілген ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев:

– Қадірменді көпшілік, Мәуліт мерекелеріңіз құтты болсын! «Ислам діні – ғылымның ең жақын досы және қорғаушысы. Өйткені ғылым қанша дамыса, исламның зор хикметтері сол дәрежеде көрініс табады» делінген Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) хадисінде.

Шындығында, мен бүгін осындай көріністі көріп, көңілім шалқып тұр. Мына залда жастар да отыр, қарт аталарымыз бен апаларымыз да отыр, – деді.

Данияр қажы Әлмұхамедұлы ілкімді істерімен, мейірімділігімен көп көңілінен орын тауып, аудан орталығындағы мешіттің бой көтеруіне әрі бұрынғы мешіттен асхананың ашылуына себепші болған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев пен «КнауфГипсТараз» ЖШС директоры Мырзабай Бекназаровқа өз атынан Алғыс хатын табыстады.

Исламның бар құндылығы Құран Кәрімде жатқаны белгілі. Ұйымдастырушылар да мерекелік іс-шараны Құран оқудан бастауды жөн көріпті. Сахна төріне шыққан Айша бибі ауылының имамы Қатарбай Тәжібаев құран оқып, көптің көңіліне нұр себе білді.

Жұртшылықты шынайы сезімге бөлей білген аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Дарын» халық театры әртістерінің «Шын достық» атты қойылымы кім-кімге де үлкен ой салса керек. Ауданымыздың талантты әншісі Нұрлыбек Таласбаевтың орындаған термесі де көп көңілін баурағаны даусыз.

Пайғамбарымызға салауат айту әрбір мұсылманның бойына сіңген қасиет болса керек, Тұрғани мешітінің жамағаттары Ораз Баймаханов пен Қатарбай Тәжібаев «Мәуліт оқуын» жалғастырды.

Мерекелік шараны кеш жүргізушісі, қордайлық әнші Бекзат Сәкенұлы «Өсиет өлеңмен» қорытындылады.

Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысып отырды.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,

«Шұғыла».

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: