Денсаулықтың кепілі - адал ас

Денсаулықтың кепілі - адал ас

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала адамдарды басқа мақұлықтардан ажыратып, өзiмiздi пәк ұстап, харамнан сақта-нуымызды бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзiнiң бiр хадисінде: «Алла тағала адамда бiр жапырақ еттен жаратқан, егер сол бiр жапырақ ет пәк болса, адамның денесi, яғни басқа мүшелерi де пәк болады. Егер сол бiр жапырақ ет бұзылса, адамның басқа мүшелерi де бұзылады, пәктiгiнен айырылады. Ол бiр жапырақ ет - жүрек»,- деген. Демек, харамнан сақтанып, адал өмiр кешу үшiн әр бiр адам өз жүрегiн таза сақтауы керек.

Жүректi тазалау екi түрлi болады.

Бiрiншiсi - дененi тазалау, екiншiсi - рухани тазалық.

Адам жүрегiн, тәнiн тазалау үшiн Алла харам еткен үш нәрседен сақтану керек. Өйткенi, адамның жеген тағамы асқазанда қорытылғаннан кейiн белгiлi бiр мөлшерiнде қан болып тамырлар арқылы жүрекке барады. Алла тағала адамға ұлық сыйлық етiп ақылды бердi. Осы ақылмен хайуандардан ерекшеленіп тұрамыз. Алла мойнымызға жүктеген барлық мiндеттердiң амалға асуы ақыл талабымен болады. Тiптi, жұмаққа кiруiмiз, яки тозаққа кiруiмiз де ақыл бiзге қаншалықты жол бастағанының белгiсi. Ақылы жоқ адамның қандай күйде болатыны жындылар бейнесiнде көз алдымызға келедi. Олар хайуан емес, хайуаннан да төмен. Өйткенi, хайуандарды адамдар пайдала-нады. Мысалы, қой, түйе, ешкiлердi сойып жеймiз, жүнi мен терiсiнен киiм тiгемiз. Кейбiреулерiн мiне-мiз, кейбiреулерiне жүк артамыз. Қысқасы, хайуандар ауырымызды жеңiл, ұзағымызды жақын етуге жәрдем бередi. Жындылар және ақыл-есi дұрыс емес кiсiлердің ешкiмге пайдасы жоқ. Оларды тек адам баласы болғаны үшiн ғана қарап, бағып-қағады. Бiз, сондай ақылсыз адамға айналып қалудан Алладан пана сұрауымыз керек.

Бiрақ, көп адамдар ең ұлық болған ақылмен ойнап, одан айырылып жындыға айналдыра-тын, адамды хайуаннан да бетер қорлыққа түсiретiн мас қылушы iшiмдiктер iшiп, нашақорлыққа бой алдырады. Бәрiмiзге белгiлi, iшімдік iшкен кiсi бiр отырыста әртүрлi хайуанның бейнесiне кiрiп шығады. Әуелi тiзесiн ұрып бақырады, болар-болмасқа ыржаңдап, маймылға айналады. Бiраз iшкеннен кейiн «күшейiп», жанында отырған адамдарға күш көрсетiп, ұрып, боқтап жiберуге дайын тұрады. Бұл кезде өзi тамақ жеп  тұрып  та  қарсы  алдында-ғыдан қызғанып, ырылдаған ит бейнесiне кiредi. Әбден iшкеннен кейiн ақыл-есiн жоғалтып, құлап, құсып, лайға аунап, үстi-басына нәжiс тигiзiп, шошқаға айналады. Мұндай араққорлар  балаларға мазақ, үлкендерге келеке, отбасының, ата-анасының маңдайына жазылған бәле болады.

Абу Лайс Самарқанди (р.а.) былай дейдi: «Арақ iшпе! Өйткенi, онда он жаман қасиет бар:

1. Араққор арақ iшкенде жындыға айналады, жас балаларға күлкi болады, ақылды адамдардан сөз естидi.

2. Арақ - ақшаны ысырап етедi және ақылдан айырады.

3. Араққорлық ағайын-туыс пен достардың арасына араздық кiргiзедi.

Алла тағала Құран Кәрiмде: «Негiзiнде шайтан арақта, құмарда араларыңа  дұшпандық әрi кек салуды қалайды» («Маида» сүресi, 91-аят),- дейді.

4. Әлбетте, арақ iшу Алланың зiкiрiнен және намаздан қайтарады. Алла тағала Құран Кәрiмде: «Шайтан сiздердi Алланың зiкiрiнен және намаздан қалдыруды қалайды. Ендi тоқтайсыздар ма, жоқ па? (яғни, арақтан тоқтаңдар)» («Маида» сүресi, 91-аят),- деп ескертедi.

5. Арақ адамды арсыздыққа, ойнастыққа алып барады. Өйткенi, арақ iшiп, мас болып өзi бiлмей әйелiн талақ етедi.

6. Арақ - барлық жамандықтың кiлтi. Арақ iшкен адам кез келген күнә iске бейiм болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Iшкiлiктен сақтаныңдар. Өйт-кенi, ол - барлық жамандықтың кiлті»,- деген.

7. Азғындық жолына түсiп, арақ iшкен адамның сасық исiнен барлық қорғаушы перiштелер қашады.

8. Шариғат бойынша арақ iшкен адамға сексен дүре соғу - уәжiп. Егер де бұ дүниеде ұрылмаса, ақыретте ата-анасының және достарының алдында оттан болған қамшымен ұрылады.

9. Арақ iшумен аспан есiктерiн жауып қояды. Өйткенi, бiр мәрте арақ iшкен кiсiнiң жақсылық iстерi және еткен дұғалары қабыл болмайды.

Бұған дәлел Пағамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үмметiмнiң iшiнен iшкiлiк iшкен адамның Алла тағала қырық күнгi намазын қабыл етпейдi»,- деген хадисi бар. Бұл хадиске қатысты Имам Суюти: «Адам бойына тараған iшкiлiктiң толық жойылуы мерзiмi - 40 күн»,- деген.

10. Арақ iшушi адам уайым-қайғыға түседi. Өйткенi, ол өлер уақытында имансыз кетуi мүмкiн. Себебi, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала iшкiлiк iшкен кiсiнiң қырық күндiк намазын қабыл етпейдi. Осы қырық күн iшiнде өлiп кетсе, ол адам дозаққа түседi. Алла тағала оған назар да салмайды»,- деген.

Хазретi Осман ибн Аффан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына әңгiмесiн естiгенмiн дейдi: «Арақтан сақтаныңдар, себебi iшкiлiк - барлық жамандықтың (анасы) көзi». Бiр заманда Аллаға құлшылық ететiн адамдардан ажыралып тұратын бiр адам бар едi. Бiр күнi бiр жаман әйел оны ойлап тұрып, қызметшiсiне ол кiсiнi шақырып келуге жiбердi. Қызметшiсi барып: «Сенi бiр нәрсеге куә боласың деп шақырып жатыр»,- дедi. Ол кiсi үйiне кiргенде есiктер жабылып  құлыптанады. Кiсi үйде отырған әйелдiң алдына келсе, бiр жас бала және шыны ыдыста шарап бар екен.

Жаман әйел: «Сенi куә боласың деп шақырған жоқпыз, сен мына баланы өлтiресiң немесе менiмен жақындық етесiң немесе мына шарапты iшесiң деп шақырдық. Егерде бұл iстерден бас тартсаң, жарияға жар салып абыройыңды айрандай төгемiн»,- дедi. Ол кiсi ешқандай еш шара таба алмаған соң: «Бiр кесе арақ құй, арағыңды iшемiн»,- дедi. Жаман әйел бiр кесе арақ құйып бердi. Әлгi кiсi арақ iшкен соң, ақылынан айрылып әйелмен жақындасады. Кейiн баласын да өлтiредi. Мiне, арақ әр бiр жаман iстiң көзi дегенi - осы. Осы сияқты өмiрде болған оқиға, қиссалар өте көп.  Бұның барлығы iшушiге болған зияндар.

«Жерге не ексең, соны орасың» дегендей, өткен ғұламалардың өмiр тарихына назар салайық. Мәселен, мәзһабымыздың негізін қалаушы ғұлама Әбу Ханифаның әкесi өте тақуа, әрі аузынан өтер асқа аса мән беретін кісі болған. Сол Әбу Ханифа үш-төрт жасында-ақ үш күнде бүкiл Құранды жаттап анасына қуанып келгенде, анасы жылаған екен. Әбу Ханифа таң қалып: «Әй, анашым, неге жылайсың? Адамдар жылдап жаттай алмай жүрген Құранды үш күнде жаттап келдiм»,- дегенде, анасы: «Егер әкең әлгi алманы бiр тiстемегенде, сен бiр күнде жаттап келген болар едiң»,- деген екен.

Абдуллаһ ибн Мүбәрактың туылуына назар салайықшы. Марзауий қаласының қазысы пәк, әдiл және тақуа адам едi. Оның жалғыз қызы болатын, ұл перзент көрмеген едi. «Қызымды таза жiгiтке ұзатсам, Алла ұл немере берсе, оны аты әлемге әйгiлi ғалым етiп тәрбиелеймiн» деп әрдайым ниет ететiн. Қызын айттырып келген бай адамдарды және қызметкер адамдарды әртүрлi желеулермен қайтарып жiберетiн едi. Бiр күнi бау-бақшасына барып, дем алу үшiн жолға шықты. Екi жылдан берi бау-бақшаға қарап, қызмет етiп жүрген Мүбәрак деген қызметшiсi қазыны әдеп-құрметпен күтiп алды. Қазы отырғаннан кейiн бiр ыдыспен жүзiмдi жуып қазының алдына қояды. Қазы бiр уыс жүзiмдi қолына алып, бiр данасын жегенде, ащылығынан денесi тiтiркенiп кетедi. Сонда қазы: «Әй, Мүбәрак, неге жүзiмнiң тәттiсiн алып келмейсiң?»- дедi.

Мүбәрак орнынан тұрып, кешiрiм сұрап, әдеппен: «Қайсы жүзiмдi әкел десеңiз әкелейiн, бiрақ жүзiмнiң қайсысы тәттi екенiн бiлмеймiн»,- деп жауап бередi. Қазы таң қалып: «Екi жылдан берi жүзiмдерге қарайсың, оның тәттiсi қайсы екенiн бiлмегенiң қалай?»- дедi. «Сiз, менi жұмысқа алған уақытыңызда бұл жердегi жүзiмдерге қарайсың дегенсiз. Жүзiмдерден жеп тұрасың деген жоқсыз. Сол үшiн мен осы күнге дейiн бұл жүзiмдерден жеп көрмегенмiн, қайсысы тәттi, қайсысы ащы екенiн бiлмеймiн»,- деп жауап бередi. Қазы таңданып, өте риза болып қызметшiсiне мерейi күшейедi. Үйiне келiп, әйелiмен кеңестi. «Бiз iздеген күйеу өз қолымызда екен, басқа жақтан iздеудiң қажетi жоқ»,- деп қызын Мүбәракқа некелеп бередi. Кейiн өзi күйеу баласы мен қызына дұға еттi. Алла тағаладан ұл бала беруiн сұрап жүрдi. Бiрақ, арада бiр апта өтсе де күйеу бала қызына жақындамайтын, аралары суық едi. Қызы әр күнi таңертең көңiлсiз шығатын және кешке дейiн күйеуi жұмыстан келгенше қабағы ашылмайтын. Ата-анасының шыдамы таусылып, қызынан себебiн сұрайды.

Қызы: «Күйеу балаңыз кешқұрын жұмыстан келгенде алдына тамақ қойып сөйлеспекшi боламын. Бiрақ, ол кiсi асығып тамағын жейдi де: «Намазымды оқып алайын»,- деп орнынан тұрып кетедi. Кейiн таң атқанша намаз оқиды. Таң атқаннан соң таң намазын оқып алып: «Мен жұмысқа кеттiм»,- деп шығып кетедi. Бiр аптадан берi, мiне, осылай»,- дедi. Қазы таңырқап, кешке күйеу баласын шақырып сұрады. Бiз, қызымызды пәк немере көрсек, оны оқытып әлемге әйгiлi ғалым етсек деген мақсатымыз бар едi. Бiрақ, пәк күйеу таптық дегенде қызымыздан бiр қателiк өттi ме, сiз қызымызға ықылассыз екенсiз»,- дедi. Сонда Мүбәрак: «Менiң мақсатым да пәк қызға үй-лену, Алла пәк перзент берсе, оны ғалым ету. Мен көңiлiмдегi қызға үйлендiм. Бiрақ, осы күнге дейiн сiз қазылықтан тапқан табыстан жеп келдi. Сiз қазылардың ең әдiлi және адал қазы болсаңыз да, бәрiбiр қазылықтан алатын жалақыңыз маңдай термен табылған несiбеге тең келмейдi. Сол үшiн мен өз табысыммен бағамын. Қырық күнде оның денесiнен күмәндi тағамның қалдықтары шығып кетедi. Одан кейiн мен әйелiммен бiрге болсам, Алла тағала қаласа, пәк перзент туылады, мақсаты-мызға жетемiз»,- дедi. Мүбәрактың ниет тазалығына және тақуалығына қазы разы болды. Уақыты келiп Алла тағала Мүбәракқа бiр ұл перзент бердi. Ниеттерiне қарай бұл перзент Абдуллаһ ибн Мүбәрак Ал-Марзауини есiмiмен бүкiл әлемге әйгiлi ислам ғалымы (хадис ғалымы) болды.

Әрбiр ақылы бар адам отырғызған ағашын жемiстi болуын қалағаны сияқты, өзiнiң ұрпағын да салауатты, ақыл өрiсi кең елiне танымал болуын қалайтыдығы сөзсiз. Бiзге осы мақсатқа жетуге кедергi болатын ең жаман нәрсе ол - адамды ақылы-есiнен айыратын нәрселер.

Қазiргi таңдағы медицина ғылымы арақтың кейiнгi ұрпаққа зияндығын дәлелдеп, ол жайында былай дейдi. Арақ жалғыз iшкен адамға ғана кесiрiн тигiзумен шектелмей, айналасындағыларды да шарпитыны анық. Мысалы, сәбилердiң зейiн және дене мүшелерiнiң олқы болуының себебi, тек қана әкенiң қатесi емес. Егер ана да арақ iшсе, ондағы сәбидiң жаратылысына дәнекер болатын аналық жұмыртқа клеткалары зақымдалып, баланың кемiс болып туылу мүмкiндiгi артады. Әсiресе, аяғы ауыр кезде арақ iшкен аналардың балаларында орны толмас кемдiктер болады. Аяғы ауыр кезiнде iшiлген арақтың қауiпсiздiк өлшемi жоқ. Яғни, әйел қанша аз iшсе де, iштегi сәбиге зиян. Вашингтон университетiнiң докторы Анн Стрейгсгуз өз сөзiнде осы айтылғанды растаса, Петербург университетiнiнде 700 сәбиге жүргiзiлген зерттеулер нәтижесiнде бiр шыны сыраның өзі ана құрсағындағы баланың миына әсерiн тигiзедi деген қорытындыға келген.

Iшiмдiкке әуес емес әйелдерге қарағанда, аз мөлшерде болса да iшiмдiк iшкен әйелдердiң сәбилерi:

1. 89% -ы әлсiз болып дүниеге келедi.

2. 84% -ы болашақта психикалық қиыншылықтарға ұшырайды.

3. 84% -ының бас мөлшерi тиiстi мөлшерден кiшi болады.

4. 80% -да сөйлеу мөлшерiнде кемiстiк болады.

5. 80% -ының терiсi зақымдалған болады.

6. 51% -ының аяқ-қолы, саусақтары қысқа болады.

7. 46% -ының жыныстық мүшелерiнде,

8. 41% -ының есту мүшелерiнде кемiстiк болады.

9. 25% -да көру қабiлетi төмен болады.

10. 23% -ы жүрек ауруына шалдыққан күйде туады.

11. 10% -ының бүйрегi толық iстемейдi.

Жалпы, дәрiгерлер iшiмдiк iшу нәтижесiнде сәбидiң бойынада 850-ден астам түрлi ауру пайда болады деген қорытыдыға келген.

Қазақ халқында суырып салма ақын, сөз тапқыр шешен, аузына алты алаш баласын қаратқан киелi жандар аз болмаған. Бұның барлығы ақылдың толық болуы, зеректiң, ой-өрiстiң кең болуының дәлелі. Менiңше, қазақ халқының бүгiнгi үлкен жауы - iшкiлiкке әуестік. Өкiнiшке орай, қымбатшылыққа қарамастан тек жiгiттер емес, отбасының ұйытқысына айналған аяулы аналар да iшкiлiкке әуес. Бұл дертке шалдықпаған отбасы кемде кем деуге болады. Кей жерлерде «Бұл өмiрде iшкеннен басқа не қалды» деп өңшең әйелдер жиналып, iшкiлiк ұйымдастырады. Анасы арақ iшкен жерде бала тәрбиесi жайында қалады.

Маскүнемдiк адамдарды аздырып, ауруға шалдықтырып, отбасын, бала-шағаны тоздырады. Мас адам iсiне есеп бере алмайды, түрлi қылмысқа барып, көптеген ауыр күнә арқалайды. Соңғы ғасырдағы жаппай жиылған рухани жұтандық пен имансыздыққа ұл-қыздарымызды сенiм мен үмiттен жұрдай етiп, сергелдеңге салып, азып-тозуға мәжбүр ететiн қайғылы жағдай көбiнесе отбасынан басталады. Арақ әрдайым адамды ұят, ар-намысты ұмытуға және имансыздыққа алып барады.

Адам өзiнiң нәпсiсiн тыя алмай ақылға, абыройға, адамгершiлiкке жат iс-әрекетке барса, иманы бар дей аламыз ба?!

Бұрынғы ата-бабаларымыз бiреудi ұнатса, оған ерекше iзет-құрмет көрсеткiсi келсе, «ол өзi бiр иманжүздi адам» деушi едi. «Сонда бұл «иман» деген сөз - адамның бойындағы бүкiл адамгершiлiк қасиетiн қамтитын «ұятты бiлу, ұяла бiлу» деген мағынаны бiлдiредi»,- деген екен Абай атамыз...

Ислам дiнiнiң мұсылмандық шарттары жан мен тән тазалығына, адамдардың бiрiн-бiрi қадiрлеуге, сыйлап, сүюге, қайырымды, мейірiмдi болуға, әдiлдiктi берiк сақтауға, мiнез-құлқын, iс-әрекеттерiн iзгiлендiрiп, iшкен асы мен киген киiмдерiн, жеке басын кiршiксiз таза ұстауға мiндеттейдi.

Ар-ұят, обал-сауап, үлкендi құрметтеу, кiшiге қамқоршы болу, ата-ананы тыңдау, оларға адал болу, ренжiтпеу, оғаш мiнез көрсетпеу сияқты исламның шарттары қазiргi кезде ауадай керек-ақ.

Құрметтi ағайын, бауырлар! Пайғамба-рымыз (с.ғ.с.) бұл жалған дүниеден көз жұмып, жан тапсырғалы жатқанда ерiндерiнiң қимылдағанын Әли (р.а.) көрiп «не деп жатқанын естиiн» деп құлағын жақындатып тосып тыңдаса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырғы демiне дейiн «үмметiм, үмметiм» деп жатқан екен. Сол жаны ашыған үмметiне лайықты болайық және өзiмiздiң келешек ұрпағымыздың да өткен ата-бабаларымыз үмiт еткендей, осы үмметтерден болуына атсалысайық, күресейiк.

Дайрабай қажы РЫСБАЙ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: