Рухани жаңғыру аясында мешітте ұлттық жәдігерлер таныстырылды

Рухани жаңғыру аясында мешітте ұлттық жәдігерлер таныстырылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінен әкелінген қазақы ұлттық нақыштағы ХІХ-ХХ ғасырларға тән құнды, бірегей әшекей зергерлік бұйымдар көрмесі көрсетілді.

ҚМДБ-ға қарасты Әйелдер қыздар секторымен бірлесе ұйымдастырылған бұл басқосудың алғашқы сөзін «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Жұмағұл Қанат бастады. Қанат Әділханұлы әйелдер жамағатына аталмыш тарихи-өлкетану музейінің тарихшы маманы Жамал Ақпанды таныстырды. Бас имам өз сөзінде мұсылманшылық пен ұлттық құндылықтарға негізделген отбасы институтын жаңғырту қажеттігіне тоқталды.

Тарихшы Жамал Ақпан «Қазақы тәлім-тәрбие мектебі және ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту» тақырыбында дәріс оқып, көрмеде қамтылған әшекей бұйымдармен таныстырды. Маманның айтуынша, бұл бірегей әшекей зергерлік бұйымдардың әрбірі қыз баласының бойындағы сұлулықты әспеттеумен қатар, тәлім-тәрбиесіне берер әсері мол. Көрмедегі ерекше атап өтуға тұрарлық жәдігер ХХ ғасырдың басында қолданыста болған өте шағын қалта Құран кітабы. Сол замандағы саяси қыспақ кезінде имам-молдалар бұл Құранды жасырып, арнайы үлкейткіш лупа арқылы оқып жүрген екен. Асыл дінімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, біздің ата-бабаларымыз қанша қиындықтарға төзген десеңізші?!

Елбасымыз ұйытқы болған рухани жаңғыру процесінде осындай ұлттық жәдігерлердің қосар үлесі мол екені анық.

Келесі сөз Жамбыл облыстық Дін істері басқармасы Оңалту орталығының психолог-инспекторы Ләззат Мырзашқа берілді. Ләззат Мырзаш «Қазақ халқының ержүрек, батыр қыздарының соғыс пен тұрмыстағы психологиялық әрі тәрбиелік ерекшеліктері» тақырыбын қозғады. Жиынға қатысқан әйелдер жамағаты психолог маманды тек тыңдап қана қоймай, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алып отырды.

ҚМДБ-ның Әйелдер қыздар секторының Жамбыл облысындағы өкілі Үсенова Зейнеп ұстаз да, мешітімізге келіп, өз ойымен бөлісті. Зейнеп Жәдігерқызы Әйелдер қыздар секторының осы уақытқа дейінгі жұмысы жайлы айтып өтті. Ұстаздың айтуынша, дәстүріміз – ұлттық кодымыз. Салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір – әжелеріміздің ұлттық тәрбиеде алар орны ерекше екенін жеткізді.

Жиын соңында дастархан жайылып, мешіт ұстазы Қожантаева Айдана «Ана – алғашқы мектеп» атты тақырыпта уағыз айтты.

«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: