Қазақтың жеті кереметі.

Қазақтың жеті кереметі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1. Таңбалы тас суреттері
2. Алтын адам
3. Қазақтың киіз үйі
4. Домбыра
5. Иассауи кесенесі
6. Маңғыстау жерасты мешіті
7. Астана - Бәйтерек

 

 

                                               Таңбалы тас суреттері
Қола дәуірінің тасқа салынған суреттері көрген адамды таң қалдырады. Ертедегі адамдар күнге күйген жылтыр  тау жартастарына  жануарларды, адамдарды, арбаларды, соғыс көріністерін қашап салды. Бұл адамзаттың  рухани мәдениетін, анық дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы саналады. Қазақстан жартастағы суреттер, петроглифтердің саны және әр алуандағы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі Тамғалы жартастағы  таңғажайып суреттерді археологтеріміз әбден зерттеді. Нәтижесінде олар дүниежүзі мәдениетінің  қазыналы қорына қосылды. Ол суреттерде ежелгі адамдардың өмірі, көне тайпалардың салт-дәстүрі, діни нанымдары, аңшылық пен соғыс існе байланысты  бейнелер бейнеленген. Алматы обылысындағы таңбалы тас суреттері - бүкіл әлемдік мәдени жәдігерлер қатарында.

zhety_keremet11.jpg

zhety_keremet12.jpg

  
                                                     Алтын  Адам
1960 жылдардың аяқ кезінде археолог ғалымдар Есік қаласына жақын жердегі обадан «Алтын киімді адамды»  тапты. Ол мұнан  2500  жылдай  бұрын жерленген жас жігіт екен. Марқұмға кигізілген  бас киімнің, етігінің қонышының сыртына алтыннан жасалған түрлі ұсақ  аттың, барыстың, таутекенің, құстардың  бейнелері  жапсырылған.  Олардың  саны  төрт  мыңдай.  Есік қорғанынан табылған олжа бүгінде  әлемге  әйгілі. Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне де негіз болып отыр. Осы күнге дейін сақталып келген Алтын адам да қазақтың жеті кереметіне енді.

../pic/img/zhety_keremet13.jpg 

 

 


                                                  Қазақтың киіз үйі
Киіз үй - көптеген ғасырлар бойы Еуразияның ұшы-қиырсыз жазирасын басқарған ежелгі халықтың көшпенді тұрмысы мен өмір салтына мейлінше қолайлы болған баспана түрі. Соңғы қола дәуірінің өзінде-ақ (б.з.д. ІІ мыңжылдық тың соңы - І мыңжылдықтың басы) Еуразия даласында доңғалақ үстіндегі алғашқы жылжымалы тұрғын жайлар пайда бола бастады.Орта ғасырларда платформаларға орнатылған, ондаған жетек малы сүйреткен орасан зор жиналмайтын киіз үй-ордалар кезіп жүрген. Арба үстіндегі тұрғын жай (күйме) - киіз үйлердің осындай салтанатты түрлері Қазақстанда ХҮІІ ғасырға дейін қолданыста болды.

zhety_keremet.jpg

                                                   Киіз үйдің құрылысы
Киіз үй жиналмалы және жазылмалы ағаш қаңқадан, киіз жабындардан және үйдің барлық бөліктерін бекітетін таңғыш шалмалар мен бау-басқұрлардан, арқандардан құралады. Ағаш қаңқасы төрт бөліктен тұрады: кереге - киіз үйдің шеңберлі қабырғасын түзететін ажырамалы буындар; уық - күмбез сырғауылдары; шаңырақ - күмбез төбесіндегі шеңбер; қос жармалы есік.

zhety_keremet2.jpg 


Шаңырақ
Шаңырақ - дөңгелек құрсаудан және айқыш-ұйқыш иілген жуан талдан (күлдіреуіш) құралады. Киіз үй күмбезінің құрылымы шаңырақ арқылы біріктірілген. Түскен қардың салмағы елеулі болған кезде уықтар үлкен киіз үйдің шаңырағына 2 тонна шамасында қысымдық күш түсіреді. Сондықтан шаңырақ киіз үй қаңқасының басқа бөліктері сияқты талдан емес, далада өсетін ағаштардың ішіндегі ең қатты әрі берігі - қайыннан жасалады.
Екі қақпалы есік
Керегенің екі қанатының ортасына ең алдымен жарма ағаш есік жақтауы орнатылады (оның тағы бір атауы - сықырлауық). Есік жақтауларының өлшемдері киіз үйдің мөлшеріне және керегенің жазулы торларының биіктігіне байланысты болады. Есіктің биіктігі 140 см мен 175 см аралығында, ені - 70 см мен 100 см аралығында. Киіз үйдің жарма есігі ішке қарай ашылады.
Өрнекті жалпақ тоқыма таспа
Ағаш қаңқаның бөлшектері жүннен есілген немесе арнайы тоқылған бау-басқұр және таңғышпен байланады. Арнайы есілген немесе тоқылған жалпақтау жіппен есік пен кереге сағанағы, сондай-ақ екі керегенің қоспасы таңылады. Өрнекті жалпақ тоқыма таспа (басқұр) кереге басын сырт жақтан, айнала күмбез сырғауылдары (уық) бекітілген соң құрсаулап ұстап тұрады.
Ши
Киіз жабын төрт бөліктен тұрады. Киіз үйдің төрт бұрышты үш немесе төрт бөлігі (туырлық) кереге мен күмбездің төменгі бөлігін жауып тұрады, кереге мен туырлық арасына ши (шым ши) ұсталады. Трапеция пішінді екі киіз (үзік) күмбезді жауып тұрады. Шаршы етіп қиылған киіз бөлігі (түндік) киіз үйдің төбедегі терезесіне жабылады; оның үш бұрышындағы бауды белдеуге байлап, бір бауын төбедегі саңылауды ашуға болатындай етіп бос қалдырады. Ол жерден киіз үй ішіне жарық түседі, ауа кіреді және ошақтың түтіні шығады.
Киіз үйдің ішкі жасауы
Киіз үй - отбасының тіршілік ету орталығы. Жаратқан ретіне келтіріп, нұрын құйған, ата-бабадан қалған тіршілік орталығы - киіз үйдің бейнесі мен рәміздемесі түрлі элементтерден құрастырылған. Киіз үйдің ортасында ошақ орналысқан. Қазақ тұрмысының аса маңызды қырлары ошақпен байланысты.
Сандық
Ошақтан әрі кіреберіске қарсы киіз үйдің сыйлы орыны - төр орналасады. Тұрғын-жайлық киіз үйлерде бұл жерде кебеже-сандық және отбасының байлығына арналған басқа да ыдыстар, сондай-ақ төсек-орын (жүк) жиналып, төр осы екенін паш етеді. Сандық - сәндеп, оюлап ағаштан жасалатын киіз үй жиһазы. Сандықтар былғарымен немесе қаңылтырмен қапталады. Оларды қаптама сандықтар деп атайды.

 

                                                       Домбыра
Ендігі сөз қазақ халқының жан сезімі, жан серігі - домбыра  туралы. Домбыра - халық  даналығы. Ол халқымыздың өмір тәжірибесі мен табиғат, адам, әлем туралы білімдерін, ескі діни наным-сенімдері мен философиялық көзқарасын бейнелеп, оларды атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Домбыра - көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек  күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Тарихтың хатқа түспеген  талай беттерін паш етіп, халқымыздың тарихнамасына айналады. Ғалымдар осыдан кемінде 2 мың жыл бұрынғы бейнелердегі  қос шекті аспаптың қазақ домбырасымен  ұқсастығын  айта  келіп, оның Қазақстан жеріндегі байырғы көшпелілер арасында ең көп тараған  аспаптың  бірі болғандығын дәлелдейді. Домбыра дәстүрінің дамуы ХІХ ғасырда шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген  кәсіби күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінді. Бұл күйші-композиторлар  өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде  жарқын із қалдырды.  Домбыра - әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкүндік туғызды. Сондықтан, домбыра да қазақтың  жеті кереметі  қатарында.

../pic/img/zhety_keremet3.jpeg

 

 


                                               Ахмет  Иассауи кесенесі
Түркістан - Орта Азия мен Қазақстан халықтарының материалдық және рухани өмірінде маңызды орын алған Шығыстың көне қалаларының бірі. 1500 жылдығын тойлап өткен  Түркістан - руханият  ордасы, оған ерекше мәртебе беру қажет. Бірақ бүгінгі сөзіміз Қ. А. Иассауи ғимараты туралы. Ахмет Иассауи Оңтүстік Қазақстанның Сайрам (бұрыңғы Испиджаб) қаласында 1103 жылы дүниеге келген. Ол алғаш білімді жергілікті дінбасы Арыстан бабтан алады. Өзінің ана тілінен басқа арабша және парсыша сөйлей білген. Қыпшақ, қаңлы, қоңырат және көне түркі тайпалары арасында Ислам дінін уағыздаушы Ахмет Иассауиді рухани басшы санаған халық оны «Әулие ата» атап кеткен. Қожа Ахмет- өз өмірінде ақ өлеңмен жазылған көп хикметтерді  дүниеге келтірген пәлсапашыл ақын. Біздің қолымызға жеткен екі жүзден асатын хикметі бар. 63 жасынан бастап, соңғы 12 жылын ол жер астында жатып, күн сәулесін көрмей өткізді. Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген атақты қолбасшы Ақсақ Темір далалықтар мен қалалықтар қосылып пір тұтатын, күніне жүз мәртебе тағызым етіп, мінәжат қылатын Қожа Ахметке зәуілім ескерткіш тұрғызуды қолға алды. Ескерткіш құрылысын Темір  қарамағында игі істермен көрінген Мәулен Ұбайдулла Садырға жүктейді. Кесене нақты әрі гармониялық жоспармен салынған. Екі жағы мұнарамен жалғасқан бас портал еңселі арқадан тұрады. Қожа Ахмет Иассауи кешені порталды- күмбезді құрылыс. Оның көлемі  46,5х65,5 метр. Орталық залдың айналасына әр түрлі мақсатқа пайдаланылған үлкенді-кішілі 35 бөлме орналасқан. Оның бірінде сопы ақынның мүрдесі жерленген. Орталық бөлмеде қолымен жазылған Құранның көшірмесі, діни кітаптар, шежірелер сақтаулы.Бұл күнде Қожа Ахмет Иассауи ғимараты-шығыс халықтарының тамаша сәулет өнері жұлдыздарының бірі. Жылда 100-150 мыңнан астам адам келіп тамашалайды. Оларды мұнда сұлулық пен ұлылықтың тылсым сырын білуге деген құштарлық сезімдері жетелейді.

../pic/img/zhety_keremet14.jpg

 

 


                                             Маңғыстау жерасты мешіті
Бекет Ата жерасты мешіті - Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген тұмсығының үзіліп қалған Оғыланды шоқысына қашалған тарихи-сәулет ескерткіші. Үш - төрт қанат киіз үйдің көлеміндей үш бөлме. Дерекке сүйенсек, Бекет ата 1750 жылы туылып, емші, көріпкел ғана емес, физика, математика, астрономия заңдылықтарын жақсы білген ғұлама ретінде аты танылған. Бұхарада оқып, ілім жинаған соң, өз өңіріне қайта келіп, бес мешіт салдырады. Жергілікті дін ғұламаларының арасында атақ-даңқы өсіп, Пір атанады. Пайғамбар жасында дүние салады. Бекет атаның мүрдесі осы жерасты мешітіндегі бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Бұл кенде мешіт басы күні-түні әулие басына зиярат етушілерден бір арылмайды.

../pic/img/zhety_keremet15.jpg

../pic/img/zhety_keremet6.jpg

 

 


                                                Астана - Бәйтерек
«Бәйтерек» монументі Есіл өзенінің жағасындағы Қазақстанның астанасы Астана қаласында орналасқан. Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей: биіктігі 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Монументтегі барлық дүние - төбесіндегі алтын күн, 97 метрлік биіктігі, және аспан әлемінің үш негізін кейіптейтін үш аймаққа бөлінген ішкі архитектурасы белгілі бір символды білдіреді. Әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биіке көтерілуі бойынша) ие болды. Әлемдегі ең үлкен шардың ең биіке көтерілуі бойынша Қазақстан астанасында асқақтаған бұл «терек» жаңартулардың сәулеттік символы, тәуелсіз Қазақстан символы ретінде орын алады.
«Бәйтерек», «Астана - Бәйтерек» - Астанадағы архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. "Бәйтерек" кешенін жобалаушы архитекторлар тобы А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев, инженер-конструкторы М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов; сондай-ақ оның жобасын жасауға "Аэропорт" ААҚ, "ЭМК" ЖШС, "Архфонд" ЖАҚ, Архитекторлар одағы және "Алуа" ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысты; ал құрылысын "Имсталькон" ААҚ құрылыс компаниясы (бас директоры В.Т. Кананыхин) салды. Оның негізгі идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді. Бұл нысан әлемдік сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м (Астана қаласының елорда статусына ие болған жылға байланысты таңдалған), диаметрі 27 м; негізгі есікке бастайтын әшекейлі темірбетон саты жер бетінен 4,8 м жоғары орналасқан. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен; оған қол табы тигенде шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады және Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ойналады. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м. Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті - «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіре берісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 т металл құралыммен байланысып, жалғасқан. «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы да бар. Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» - қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол елорданың халық көп баратын жерінің бірі. Астана қаласында Архитекторлар одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде "Бәйтерек" кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді. 
 

../pic/img/zhety_keremet4.jpg

../pic/img/zhety_keremet9.jpg

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (119)

Оқи отырыңыз: